Accessibility links

Билік Жауғашты түрмесіндегі әйелдің қайта тапсырған анализінен вирус табылмады деп мәлімдеді


Жауғаштыдағы әйелдер түрмесі. 20 маусым 2019 жыл.
Жауғаштыдағы әйелдер түрмесі. 20 маусым 2019 жыл.

Қазақстан билігі Алматы облысы Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 әйелдер түрмесінде отырған сотталушыдан алдымен коронавирус табылды деп хабарлап, кейін оның қайта тапсырған анализі таза болып шықты деп мәлімдеді.

26 сәуірде республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан аяғы ауыр әйелден коронавирус табылды деп хабарлаған. Осыдан соң түрмеде карантин жарияланған.

Полиция 28 сәуірде “аяғы ауыр әйел босану алдында Іле аудандық ауруханасында бірнеше рет анализ тапсырды. Дүйсенбі күні оның қайта тапсырған анализінен коронавирус табылмады” деп мәлімдеді.

Осыдан кейін Іле ауданының бас санитарлық дәрігері ЛА-155/4 түрмесінен карантин режимін алып тастады. Ал түрмеде аяғы ауыр әйелмен байланысты болды деген 67 адамның анализдерінен де вирус табылмағаны хабарланды.

Қазақстан билігі бұған дейін уақытша ұстау изоляторында екі адамнан вирус табылғанын хабарлаған. Үкімет елде коронавирус тарап, төтенше жағдай жарияланғалы түрмедегі кездесулерге тыйым салды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен адвокаттар, сотталғандардың жақындары коронавирус тарап жатқан шақта түрмеде отырғандарды босатуды, аса ауыр қылмыс жасамағандарды рақымшылықпен бостандыққа шығаруды сұраған. Билік заңда бұл қарастырылмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG