Accessibility links

Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы елдің ЕАЭО-ға бақылаушы болуын мақұлдады


Көрнекі сурет.

Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы 28 сәуір күнгі отырыста Өзбекстанның Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) бақылаушы мемлекет ретінде қатысу мәселесін талқылап, үкімет ұсынысын мақұлдады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, пленарлық отырыста төменгі палатаның 86 депутаты ұсынысты қолдап, 32-сі қарсы болған. 14 депутат қалыс қалған.

Енді ЕАЭО-мен ынтымақтастық орнату мәселесін сенат қарауы тиіс.

24 қаңтар күнгі парламентке жолдауында президент Шавкат Мирзияев үкімет "ЕАЭО-мен әріптестік орнату жолын қарастырып жатыр" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Өзбекстан өнімдерінің 80 пайызы ЕАЭО-ға мүше елдерге жіберіледі. Одаққа қосылу "Ресей мен Қазақстандағы өзбек мигранттарының жағдайының жақсаруына" да оң ықпал етпек деді.

2016 жылы Шавкат Мирзияев президенттікке келгеннен кейін ЕАЭО Өзбекстанды өзіне " жақын тарта бастады". Бұрынғы президент Ислам Каримов тұсында Ташкент ЕАЭО-ға қосылуға ықылас танытпаған.

Сарапшылардың пікірінше, Шавкат Мирзияев билігі тұсында өзбек-орыс қарым-қатынасы тығыз бола түскен. Алдыңғы президенттің алшақтау саясатынан бас тартқан Мирзияев елге шетел инвестициясын тартуға талпынып жатыр.

Оқи отырыңыз: Мирзияев Мәскеуге барарда ЕАЭО-ны еске алды. Өзбекстан одаққа мүше бола ма?

34 млн халқы бар Өзбекстан экономикалық одаққа мүше болса, тұтыну нарығының көлемі жағынан одақ кеңістігінде Ресейден кейінгі екінші орынды алуы мүмкін.

Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) 2015 жылы Ресей Беларусь және Қазақстанмен бірігіп құрған. Кейінірек оған Армения мен Қырғызстан қосылды. Бұрынғы советтік республикалардың бірі Молдова бақылаушы мәртебесіне ие болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG