Accessibility links

ДДСҰ сапары қарсаңында Түркіменстанда жүздеген адам жатқан стационар босап қалды


Түркіменстандағы ауруханалардың біріндегі палата. Көрнекі сурет.
Түркіменстандағы ауруханалардың біріндегі палата. Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің Түркіменстанға сапары қарсаңында елдегі екінші ірі қала - Түркіменабад қаласында коронавирус жұқтырған болуы мүмкін жүздеген адам жатқан карантин аймағы аяқ астынан босап қалды. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Ақпарат бойынша, Түркіменабад маңындағы карантиндік аймаққа жатқызылған 400-ден астам адам 28 сәуірде аймақтағы кішігірім ауруханалар және психиатриялық клиникаға ауыстырылған.

Бұған дейін ақпарат құралдары келесі аптада Түркіменстанға келетін ДДСҰ өкілдерінен коронавирус ахуалын жасыру үшін билік өкілдері науқастарды уақытша басқа жаққа ауыстыру туралы шешім қабылдады деп хабарлаған болатын.

Түркіменстанда ресми түрде коронавирус табылмаған. Бірақ тәуелсіз БАҚ пен ашықтықтың жоғын алға тартқан сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Елде дәрігерлердің коронавирус туралы айтуына тыйым салынған, медициналық маскалар тағуға рұқсат етілмеген, ғаламдық індет жайлы айтқан азаматтар жазаланады.

Бірақ сонымен қатар билік "жұқпалы ауру тарамас үшін" елде үш карантиндік аймақ құрған.

Өткен аптада халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы коронавирустың барын жоққа шығарып отырған Түркіменстан мен Тәжікстан билігі осылайша азаматтарының өміріне қауіп төндіріп отыр деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: "Пандемия кезінде Орталық Азия үкіметтері шектеу шараларын пайдаланбауы тиіс"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG