Accessibility links

4 мамырдан бастап шаштараз, стоматология ашылады. Сыртта жаттығу жасауға болады


Алматы метросында отырған жолаушы. 25 сәуір 2020 жыл.
Алматы метросында отырған жолаушы. 25 сәуір 2020 жыл.

Қазақстан үкіметі 4 мамырдан бастап бірқатар сауда орыны, шаштараз, стоматология, медицина орталықтарын ашу туралы шешім қабылдады. Келесі дүйсенбіден бастап көшеде спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға болады. Бұл туралы 29 сәуірде Қазақстан үкіметінде құрылған төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия жиынында айтылды.

Комиссия шешіміне сай, 4 мамырдан бастап мына кәсіпкерлік субъектілері қызметіне қайта кіріседі:

  • Аумағы 500 шаршы метрге дейін жететін азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейді.
  • Фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер;
  • Шаштараздар (алдын ала жазылу керек);
  • Медицина орталықтары (алдын ала жазылу керек);
  • Стоматология клиникалары (алдын ала жазылу керек);
  • Жылжымайтын мүлікпен операцияларын жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар;
  • Шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, ақша айырбастау орындары;
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары.

4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге ұшақтар ұша бастайды. Рейстер санитарлық талаптар күшейтіліп, аз жолаушылармен ұшады және бортта арақашықтықты сақталуы тиіс.

Қазақстанда 29 сәуір 18.00-дегі мәліметке сай, елде 3105 адамға вирус жұққан. 798 адам жазылған. 25 адам қайтыс болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созған. Бірақ карантин шаралары біраз жеңілдеген.

Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова 29 сәуір күнгі брифинг кезінде Қазақстанда вирус жұқтырғандар 8 пайыздан 5,5 пайызға азайды, бірақ жекелеген аймақтарда сырттан келгендерден вирус анықталуына байланысты науқастардың өсуі байқалады деп мәлімдеген. Ол мамыр айының соңына дейін науқастар 5300-ге жетеді деп болжайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG