Accessibility links

Жетісайлық шаруалар еккен капусталарының шіріп жатқанына шағымданды


Егістік алқабында капустаны көлікке тиеп жатқан адамдар. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 29 сәуір 2020 жыл.
Егістік алқабында капустаны көлікке тиеп жатқан адамдар. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 29 сәуір 2020 жыл.

29 сәуір күні Түркістан облысы Жетісай ауданындағы бірнеше ауылдың шаруалары еккен капусталары шіри бастағанын айтып шағымданды. Бұл туралы Азаттық тілшісі егіндік басынан хабарлады.

Шаблан Ділдабеков ауылдық округінің тұрғыны Анарбай Әшімтаевтың айтуынша, 3 гектар жерге 75 мың түп капуста екен. Сөзінше, капуста өсіріп, дайындауға алты миллион теңге жұмсаған. Ол ауылда сатып алатын адам болмаған соң 600 мың теңгеге жүк көлігін жалдап, Қарағанды қаласына алып бармақшы.

- Шығын шаш-етектен. Капуста пісті. Өткізе алмай дал болып отырмыз. Қарағандыға алып барайық деп тәуекелге бардық. Көріп тұрсыздар піскен капусталар шіри бастады. Енді тағы бір аптада сатып үлгермесек, жарылып, ағып кетеді, - дейді ол.

Егін алқаптарынан шіріген капусталардың иісі шыға бастаған. Жарылып жатқан капусталар да бар. Кейбір шаруа жарылған капуста тегін алатын адам таппай далаға төгіп жатыр.

- "Карантин, үйден шықпа" дейді. Шықпағанда не істейміз? Егініміз ағып, сасып жатыр. Ел басында отырғандар мына шіріп жатқан капустаны көрсінші. Келісін 10 теңгеден сұрап жатыр. Пайда көруді айтпағанда, бір келі капустаның шығыны 50 теңгеге барады. Үкімет осынша шаруаны шырылдатып қайда қарап отыр? Ең болмағанда субсидия бөлмей ме? - дейді Абай ауылдық округінің тұрғыны Назира Өтегенова.

Абай ауылдық округінің әкімдігінің мәліметінше, мұнда 230 гектар жерге капуста егілген. Коронавирус пандемиясына енгізілген карантинге байланысты өнім дайын болғанымен капуста сатып алатын адамдар аз.

28 сәуір күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкіметтен капуста еккен шаруаларға көмек беруді сұраған. Әкім облыста 250 мың тонна капуста дайын тұрғанын, шаруалар өткізе алмай жатқанын мәлімдеген. Премьер-министр Асқар Мамин бұл мәселені шешуге көмек беруді Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырған.

Қазақстанда коронавирус тарап, елдің басым бөлігінде карантин жарияланған. Осыдан соң әр аймақтағы дихандар мен шаруалар өнімдерін басқа облыстарға шығара алмай қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG