Accessibility links

Сот азаматтық белсенді Даная Қалиеваға айыппұл салды


Белсенді Даная Қалиева. Алматы, 17 сәуір 2020 жыл.
Белсенді Даная Қалиева. Алматы, 17 сәуір 2020 жыл.

29 сәуірде Алматы қаласы Жетісу ауданының соты "Билік өкілін қорлады" (Қылмыстық кодекстің 378-бабы) деп айыпталған азаматтық белсенді Даная Қалиеваға айыппұл салды.

Судья Әйгерім Тілепова белсендіні айыпты деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (шамамен 55560 мың теңге) айыппұл белгіледі. Түске дейін өткен жарыссөзде прокурор белсендінің айыбы толығымен дәлелденгенін айтып, судьядан оған 80 АЕК көлемінде (222 мың теңге) айыппұл салуды сұраған.

- Заңгерлер де мұндай нәтижені жеңіс дейді. Төменгі жаза берді. 20 АЕК, оның өзін үш айға бөліп төлеуге мүмкіндік берді. Алайда мен өзімді айыпты деп санамаймын. Әрине, бұл үкіммен де келіспеймін. Сондықтан апелляциялық шағым түсіреміз, - деді соттан шыққан Даная Қалиева.

Қалиеваның үстінен шағым түсіруге себеп болған оқиға биыл 22 ақпанда Алматы мен өзге бірнеше қалада жоспарланған билікке қарсы митинг өтетін күні таңертең болған. Даная Қалиеваның сөзінше, ол құрбысы Шәрбат Қаржаубаева екеуі аялдамада тұрған сәтте белгісіз екі адам келіп, Шәрбат Қаржаубаеваны қолтықтап, алып кетуге әрекеттенген. Аялдамада отырған Шәрбат Қаржаубаеваның алдында Даная Қалиеваның үш жасар қызы отырған. Айтуынша, осы сәтте кішкентай қыз жерге құлаған, ал белгісіз екі ер адам Шәрбат Қаржаубаеваны қолтықтап аялдама маңындағы көлікке сүйреп әкеткен.

“Мен бірден Facebook парақшасына тікелей эфирге шықтым. Қызымның құлап, Шәрбатты түсініксіз адамдар күшпен алып кетіп бара жатқанын көргенде біраз сөз айтқаным рас. Мен олардың өзін таныстыруын талап еттім. Ешқайсысы мән бермеді де. Сөйтеп мен қатты қорқып, жылаған қызыммен аялдамада қала бердім” деген еді белсенді бұған дейін Азаттыққа.

Ал айыптау актісінде "аялдамаға келген екі қызметкер өздерін таныстырып, құжаттарын көрсетті" деп жазылған. Алайда белсенді бұл сөздердің жалған екенін, Шарбат Қаржаубаеваны өзін таныстырмаған белгісіз біреулер күштеп әкетіп бара жатқанда «ашумен балағаттағанын» мойындайды.

Бұған дейін Даная Қалиева іске қатысты ақпарат бере алмайтынын айтқан, себебі ол іс жайлы жария етуге тыйым салатын құжатқа қол қойған. Құжатқа қол қойғандықтан жәбірленушілердің де аты-жөні белгісіз болып қалды.

Қылмыстық кодекстің “Билік өкілін қорлау” бабында жаза ретінде 160 айлық есептік көрсеткіш (444 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға, 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға я 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG