Accessibility links

"Роснефть" Путиннің қызы туралы мақала жариялағаны үшін BBC-ді сотқа береді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Роснефть" корпорациясы генетикалық орталық туралы мақала жариялағаны үшін BBC-ді сотқа береді. Компания хабарламасында мақалада "компания мен бұл жобаға қатысы жоқ адамдар туралы ештеңеге негізделмеген жалған ақпарат бар" деп жазылған. Дегенмен компанияның нақты нені жоққа шығарып отырғаны және кімді меңзегені белгісіз.

BBC-дің Орыс қызметі сәрсенбі күні Ресейде генетикалық технология саласында ірі зерттеу орталығы құрылады деп хабарлаған болатын. Оның негізгі инвесторы - "Роснефть" корпорациясы. Корпорация басшылығының құрамына президент Владимир Путиннің үлкен қызы деп айтылатын Мария Воронцова кірмек.

"Роснефть" бұл жобаға 1 млрд долларға дейін қаржы жұмсауы мүмкін деп айтылады. Наурыз айының басында вице-премьер Татьяна Голикова және "Роснефть" басшысы Игорь Сечин ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойған. Келісімде 2027 жылға дейін Ресей генетикалық технологияны дамыту бойынша әлемде жетекші елдер қатарына жетуі тиіс деп жазылған.

"Роснефть" корпорациясына генетикалық зерттеу орталығын құру тапсырылған. Мұнымен дербес коммерциялық емес "Российские генетические технологии" ұйымы айналысады. BBC-дің жазуынша, ұйым "Роснефть" корпорациясының Мәскеудегі кеңсесінің мекенжайы бойынша тіркелген.

Құпия дереккөзі BBC-ге орталықты "президент қызының жобасы" деп атаған.

Бұған дейін көптеген ақпарат құралдары Мария Воронцованың Путиннің қызы екенін жазған. Президенттің өзі бұл ақпаратты растамаған, жоққа да шығармаған. Воронцованың мамандығы - эндокринолог.

Былтыр BBC-дің Орыс қызметі Воронцованың бизнесі туралы зерттеу жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG