Accessibility links

Карцерде аштық жариялаған белсенді Әбішевті медицина бөліміне ауыстырды


Азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің (ортада) сот залында отырғаны сәті. Алматы, 25 қазан 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің (ортада) сот залында отырғаны сәті. Алматы, 25 қазан 2018 жыл.

Қамаудағы белсенді Әсет Әбішевті карцерден түрменің медициналық бөліміне ауыстырды. Бұл ақпаратты белсенді отырған түрме - Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесі қызметкерлері растады. "Тыйым салынған ұйымға қатысы бар" деп айыпталған Әсет Әбішев 2018 жылы 4 жылға сотталған болатын.

30 сәуірде Әсет Әбішевтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева Facebook-тағы парақшасында "кеше кешкісін Әсет Әбішевті жеті күннен бері ұстап жатқан аштығын тоқтату үшін карцерден медицина бөліміне ауыстырды. Оны карантин кезінде қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді талап еткені үшін екі рет жазалаған: 10 және 15 тәулікке карцерге қамаған" деп жазды.

Түрме қызметкерлерінің айтуынша, медициналық бөлімге ауыстырылғанға дейін Әбішев карцерде тағы төрт тәулік отыруы тиіс болған. Мекеме өкілдері Әбішевтің аштық жариялағанын да растады.

"Иә. Өтініш бар. Қазір ол медициналық бөлімде. Жағдайы қалыпты" деді түрме қызметкері.

Белсенді Әсет Әбішев алғаш рет карцерге қамалып отырған жоқ. Адвокаты Әбішев "шыншылдығы үшін" жазаланып отыр деп санайды. Бірақ Алматы облысының мамандандырылған прокуратурасы Әбішевтің «мобильді телефон ұстағаны» үшін 15 тәулікке карцерге қамалғанын айтқан. Прокуратура «Әбішев қауіпсіздік шарасын күшейтуді талап етті» деген сөзді де жоққа шығарған.

42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, 2018 жылы төрт жылға сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішевке түрмеде өзге сотталғандардың құқығын қорғауға күш салғаны үшін мекеме әкімшілігі қатаң қарайды. Жуаспаева биыл мамыр айында «жоспарлы тінту шарасы» кезінде Әбішевтің таяқ жегенін мәлімдеген.

Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін төтенше жағдайды пікірін ашық айтқан белсенділерді қудалау құралы ретінде пайдаланбауға шақырған.

Оқи отырыңыз: "Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG