Accessibility links

Өзбекстанда жарылған бөгеттің суы Қазақстанға өтіп, тұрғындар эвакуацияланды


Мақтаарал ауданы. 2 мамыр 2020 жыл. Жергілікті билік таратқан сурет.
Мақтаарал ауданы. 2 мамыр 2020 жыл. Жергілікті билік таратқан сурет.

2 мамырға қараған түні Өзбекстанның Сырдария облысында жарылған Сардоба су қоймасының суы Түркістан облысы аумағына өтті. Облыста шұғыл штаб құрылып, Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарын су басқаны айтылады. Жергілікті билік Жеңіс ауылының екі мыңға жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді деп хабарлады.

Түнде әлеуметтік желіде Мақтарал және Жетісай ауданындағы жанар жағармай бекеттерінде бензин сатып алуға көліктерімен кезекке тұрған тұрғындар туралы видеолар тарады. Одан кейін Жеңіс ауылы деп түсірілген видеолар жүктелді. Онда видео түсіріп тұрған адам судың ауыл шетіне келгенін айтады.

Мақтарал ауданы әкімдігінің Facebook парақшасында өздерін аудан тұрғындарымыз деген желі пайдаланушылары түн ортасында «қорқып отырғанын» жазды.

"Өзбекстан Республикасында су қоймасы бұзылып, су тасыды. Тасыған су Мақтаарал ауданының коллекторына жетіп, Жаңа жол ауыл округының Жаңа тұрмыс және Жеңіс елді мекеніне су басу қаупі төнген болатын. 2 мамыр түнгі сағат 1.30-да тұрғындарды эвакуациялау қажеттігі анықталып, эвакуациялау басталды. Жеңіс елді мекенінде 1922 тұрғыны бар - 288 тұрғын үй, сонымен қатар Жаңа тұрмыс елді мекенінде 320 тұрғыны бар - 47 тұрғын үйді эвакуациялана басталды" деді төтенше жағдай департамент өкілі түнде.

Түнгі сағат бестер шамасында Мырзакент ауылында дабыл қағылып, билік тұрғындарға "басқа жаққа кету" керектігін айтқан.

Оқиға орнында әкімдік қызметкерлері, төтенше жағдай мамандары және әскерилер жұмыс істеп жатыр.

1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасындағы бөгеттердің бірі жарылып, айналасындағы елді мекендерді су басқан болатын. Төтенше жағдай министрлігі, ұлттық гвардия сарбаздары тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіре бастаған. Оқиға орнына президент Шавкат Мирзияев келген.

Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Сыйымдылығы – 922 млн текше метр. Су қоймасының биіктігі – 28,8 метр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG