Accessibility links

Тоқаев: Түркістан облысында 10 ауылды су басты, 22 мыңнан астам адам эвакуацияланды


Түркістан облысында су алған елді мекендердің төбесінен түсірілген сурет. 2 мамыр 2020 жыл.
Түркістан облысында су алған елді мекендердің төбесінен түсірілген сурет. 2 мамыр 2020 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 мамырда кешкісін Twitter-де Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында 10 ауылды су басты, 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды деп мәлімдеп, өзбек үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұған дейін Өзбекстан шекарасына жақын Мақтарал ауданындағы бірнеше елді мекен: Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси ауылдарын су басқаны белгілі болған еді.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Жантақсай ауылдары, Жаңажол және Еңбекші ауылдық округтері ағын судан көбірек зардап шеккен.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, Өзбекстаннан Абай каналы арқылы келіп жатқан су әлі тоқтамаған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Өзбекстанның Сырдария облысының әкімі Гүлістан қаласында кездесіп, келіссөз жүргізіп жатыр. Судың қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.

Жергілікті билік шығын көлемі есептеліп жатқанын, кемінде 404 млн теңгеден асады деп айтқан. Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында 620 үй бүлінген, 3,5 мыңнан астам гектар егіс алқабы су астында қалған. Бірнеше жүз мал өлген. Бұған дейін билік өкілдері диқандардың шығынын өтеуге уәде берген. Ауыл шаруашылығы басқармасы мәліметінше, су астында қалған алқаптардың 85 пайызында - мақта, қалғанында жоңышқа мен жүгері егілген.

3 мамырда күндіз су алған Өргебас ауылының тұрғындары үйсіз-күйсіз қалғандарын айтып, биліктен көмек сұраған. Тұрғындар түнделетіп өз күштерімен қауіпсіз жерге көшкенін, билік тарапынан көмектің жоқтығына шағымданған. 2 мамырда Өргебас ауылының кейбір тұрғындары осыған ұқсас шағым айтқан.

Оқи отырыңыз: Мақтаралда су басқан ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, Тоқаевтан көмек сұрады

1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы елді мекендерді су алған. Кейінірек Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенге су кіріп, ауданда төтенше жағдай жарияланған. Кейбір тұрғындар өз бетімен, кейбірі жергілікті әкімдік көмегімен ауылдардан көшірілген.

Видео: Мақтаралда бірнеше ауылды су басты. Қазір ахуал қалай? (2 мамыр 2020 жыл).

Мақтаралда бірнеше ауылды су басты. Қазір ахуал қалай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

(Жаңалыққа Дилара Иса да атсалысты).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG