Accessibility links

Тоқаев Мәулен Әшімбаевты сенатқа жіберіп, орнына Дәурен Абаевты тағайындады


Қазақстан президентінің резиденциясы. Нұр-Сұлтан қаласы.
Қазақстан президентінің резиденциясы. Нұр-Сұлтан қаласы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты сенат депутаты етіп тағайындап, орнына Дәурен Абаевты бекітті. Бұл ақпаратты президент әкімшілігі жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 4 мамырдағы бірнеше жарлығымен кадрлық өзгерістер жасады.

Тоқаев жарлығымен Дәурен Абаев Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Ол ақпарат және даму министрі қызметінен босатылды.

41 жастағы Дәурен Абаев көп жыл Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы болған, соңғы жылдары ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарған.

Қасым-Жомарт Тоқаев оған дейінгі жарлығымен Мәулен Әшімбаевты Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатып, парламент сенатына депутат етіп тағайындады.

49 жастағы Мәулен Әшімбаев 2006-2011 жылдары Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, 2012 -2018 жылдары парламент мәжілісінің депутаты, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 2018 -2019 жылдары "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін оның көмекшісі, 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген.

Тоқаев өткен сенбі, 2 мамырда 2019 жылдың наурызынан бері сенатты басқарып келген Дариға Назарбаеваның (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы) өкілетін тоқтатқан.

Қазақстанда сенат спикері - билік иерархиясындағы екінші адам. Қазақстан Конституциясы бойынша, президент қайтыс болса немесе денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат спикеріне өтеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG