Accessibility links

Қызылордада 20-ға жуық әйел әкімдіктен көмек талап етті


Қызылордалық көп балалы әйелдер көмек жоғына шағынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

4 мамырда Қызылорда қаласында 20-дан аса көп балалы әйел облыс әкімдігіне жиналып, биліктен көмек талап етті. Наразы әйелдер биліктен көмек ретінде берілетін азық-түлікті және төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңге (95$) жәрдемақыны алмағандарына шағынды. Олар биліктегі “Нұр Отан” партиясының да беріп жатқан 50 мың теңге көмегі бұйырмағанын айтады.

- 20 шақты әйелдің ішінде 42500 теңге я 50 мың теңге көмекті алмағаны бар. Азық-түлікті де жөнді алмаған. [Әкімдікке] аш қалған соң келіп тұр. Бес-алты келі картоп, екі келі сәбіз, екі келі пияз, он келі ұн береді. Бұл тамақ па? Бұл тамақ емес. Біреуінің үш, енді бірінің бес, біреуінің сегіз баласы бар. Халықтың қарны тоқ болса бұл жерге келмейді. Көмек алмағандарға 42500 теңгені я 50 мың теңгені берсін, - деді билікке талаппен келген тұрғын Қарлыға Сексенбаева.

Наразы әйелдерге облыс әкімдігінен ешкім шыққан жоқ. Кейін Қызылорда қаласы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жұмакүл Жапбасбаева Азаттыққа “әкімдікке келген 23 әйелдің аты-жөнін жазып алып тексергенде 15-і бұған дейін 50 мың теңге алғаны анықталды. Ал 50 мың теңге алмаған 8 әйелді біз азық-түлік алатындар тізіміне қостық. Облыста 50 мың теңге көмекті де, азық-түлікті де алмағандар бар. Біз соларды бірінші кезекте қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз” деді.

Қазақстанда коронавирус тарап, 11 наурыздан бері елде төтенше жағдай әрі карантин жарияланды. Жұрттың көбі тек аулаға ғана шыға алады. Билік карантин кезінде табысынан айырылғандарға 42500 теңге (95$) көмек ұсынған. Бұл көмек биліктен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған көп балалы отбасыларға берілмейді. Бұдан бөлек, биліктегі “Нұр Отан” партиясы Biz birgemiz акциясы аясында кейбір отбасына 50 мың теңге (117$) және азық-түлік беріп жатыр. Қызылорда, Шымкентте бұған дейін де көп балалы әйелдер “Нұр Отанның” 50 мың теңге көмегі дұрыс берілмей жатқанын айтып, әкімдікке барған. Олар партия беріп жатқан азық-түлік себеті көп балалы отбасыға мүлде жетпейтінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG