Accessibility links

Франция сенаты елді карантиннен шығарғысы келген үкіметті қолдамады


Франция премьер-министрі Эдуар Филипп
Франция премьер-министрі Эдуар Филипп

Франция парламентінің сенаты үкіметтің Францияны 11 мамырдан бастап карантиннен шығаруға бағытталған жоспарына келіспеді.

Сенаттың 89 мүшесі қарсы дауыс беріп, 81-і қолдады, 174-і қалыс қалды. Қарсы болғандар – социалистер мен коммунистер, қалыс қалғандардың көпшілігі республикашылдар. "Алға, Республика" билік партиясы премьер - министрдің ұсынысын бірауыздан қолдаған.

Өткен аптада парламенттің төменгі палатасы - ұлттық ассамблея үкімет басшысының жоспарын құптаған.

Мамырдың төртіне үкімет Францияны карантиннен шығару жобасын сенатқа ұсынып, карантин режимін әрі қарай сақтау мүмкін еместігін мәлімдеген еді. Премьер-министрдің сөзінше, туризм, өнер, гастрономия саласының жұмысы тоқтап қалған. Карантин жалғаса берсе, экономиканың дамуы тежеліп, Францияның ауыл шаруашылығы мен инвестициялық тартымына нұқсан келтіреді.

Үкімет жоспарына қарағанда, егер карантинді тоқтатқаннан кейін алғашқы аптада санитария жағдайы нашарламаса 29 мамырдан бастап діни құлшылық рәсіміне де рұқсат беруге болады.

Сенаттың үкімет жоспарын қолдамағаны Covid-19 індеті жайлы ресми мәліметтер жарияланатын уақытпен тұспа-тұс келген. Бұл мәліметтерге қарағанда, соңғы тәулікте індет салдарынан өлгендер бұрынғыдан 306 адамға көбейген, ал коронавирустан өлгендердің жалпы жиынтығы 25 мыңнан асқан. Коронавирус жұқтырғандар Францияда 170 мың адамға жеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG