Accessibility links

Мәскеу Ким Чен Ынды Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығы медалімен марапаттады


Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшісі Александр Мацегора (сол жақта) Ким Чен Ынға арналған медальді Солтүстік Корея сыртқы істер министріне тапсырып тұр. 5 мамыр 2020 жыл.
Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшісі Александр Мацегора (сол жақта) Ким Чен Ынға арналған медальді Солтүстік Корея сыртқы істер министріне тапсырып тұр. 5 мамыр 2020 жыл.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейдің "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл" медалімен марапатталды. Бұл хабарды Ресейдің Пхеньяндағы елшілігі таратты. Марапаттау рәсіміне Ким Чен Ынның өзі келмеген. Медаль Солтүстік Корея сыртқы істер министрі Ли Сон Гвонға тапсырылған.

Медаль "Солтүстік Кореяда қаза болған және жерленген совет жауынгерлерін мәңгі есте қалдыруға қосқан жеке үлесі үшін" және "совет жауынгерлеріне қойылған мемориалдарды сақтауға жанашырлық танытқаны үшін" берілген.

"Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл" медалінің құжаты бойынша, шетел азаматтарына мұндай медаль Совет әскерінің немесе флотының құрамында, не болмаса Екінші дүниежүзілік соғысқа партизан жасақтарының құрамында соғысса ғана беріледі. Ким Чен Ынның атасы – Солтүстік Кореяның мәңгі президенті Ким Ир Сен партизан жасағында болған.

Ким Чен Ын Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл құрметіне мамыр айында Мәскеуде өтетін парадқа шақырылған. Оның келісім бергені немесе бермегені жайлы хабарланбаған, коронавирус індетіне байланысты парад кейінге қалдырылған.

Биыл, сәуір айында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның жұрт алдына шықпай кеткені жайлы хабар тараған. 20 күннен кейін Корея орталық ақпарат агенттігі, 2 мамырда Ким Чен Ын Пхеньян маңындағы тыңайтқыш өндіретін зауыт ашылуына арналған салтанатты шараға қатысты деп жариялаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG