Accessibility links

Мәжіліс "парламенттік оппозиция" туралы заң жобасын мақұлдады


"Оппозиция дейсіз, бізде өзі шынайы парламент бар ма?" Мәжіліс оппозиция туралы заңды мақұлдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:26 0:00

Бүгін, мамырдың 6-сында парламент мәжілісі "Қазақстан парламенті пен оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған, өзін "оппозициялық партия" деп есептейтін, қоғамда "биліктің ықпалындағы партия" деген пікір қалыптастырған "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев заң жобасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгенін айта келе, оны "демократияны дамыту жолындағы тарихи қадам" деп бағалады.

Азат Перуашевтің айтуынша, парламенттік оппозиция туралы заң жобасы сайлаушылардың, ғалымдардың, саяси қоғам өкілдерінің талқылауынан өткен.

-Қаңтар айында "Хабар" телеарнасында бір сағат тікелей эфирде талқыланды. Сәуірде тәуелсіз интернет ресурстарында шетелдік сарапшылардың қатысуымен тағы да екі тікелей эфир өтіп, онда да құжатқа қолдау көрсетілді,- деді ол. Перуашев тәуелсіз интернет ресурстардың атын атамады.

Заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Берік Дүйсенбиновтің сөзінше бұл заң жобасын "Ақ жол" партиясы 2012 жылы жасаған, бұл жолы жаңа талаптарға сай өзгерген.

Дүйсенбиновтің сөзінше бұл заң "парламенттік оппозицияға парламент палаталарының бірлескен отырысында, мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттерде, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс шараларда сөз сөйлеуге кепілдік береді. Парламенттік оппозицияға бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге және кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін белгілеуге бастамашылық жасау құқығын берген.

Парламент депутаттарының бастамасымен жасалған "Қазақстан парламенті мен оның депутаттарының оның мәртебесі туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы биыл 13 ақпанда үкімет қарауына ұсынылған. Наурыздың 18-інде "Қазақстан Республикасы парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңына қосымшалар енгізу" деген атаумен парламент мәжілісінің қарауына түскен.

Берік Дүйсенбинов заң жобасын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу жөнінде ұсыныс қосылғанын хабарлады.

Осы заң жобасынан кейін парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тағы бір заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин парламенттік оппозицияға байланысты қабылданған екі заң жобасы "демократияны одан әрі нығайтуға, парламент жұмысын дамытуға және ашық және еркін қоғам қалыптастыруға ықпал ететін болады" деп бағалады.

2019 жылы маусымда жаппай қарсылықпен және мыңдаған адамның қамауға алынуымен өткен президент сайлауында жеңді деп есептелген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, саяси реформаларға бастайтын заңдар қабылдауға шақыратынын мәлімдеген. Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы айларда парламент мәжілісінен өткен "Бейбіт жиындар туралы", "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы" заң жобаларын құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері "көз алдау" деп бағалап, қатаң сынға алған, олар "парламенттік оппозиция туралы заң" парламентке билік өзі өткізген жасанды оппозицияға арналған" деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG