Accessibility links

Ақтөбе сотынан әділдік сұрап келген 22 адам әкімшілік жазаға тартылды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Көрнекі сурет.

Ақтөбе сотынан әділдік сұрап келген 22 адам "төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін" әкімшілік жазаға тартылды. Көпшілігі мәдениет саласының қызметкері.

Жазаға тартылғандар "жас балаларды азғырды" деген айыппен биыл наурыздың 26 -сына 10 жылға сотталған Әліби Өтепбергенге қолдау көрсету үшін жиналған.

Мамырдың 5-іне Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы Әліби Өтепбергеннің ісін қарауы тиіс болатын.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, сот алдына жиналғандар төтенше жағдай режимін бұзған.

- 22 адамның тоғызы үш тәулікке қамалды. Жеті адамға 27 780 теңгеден (10 АЕК) айыппұл салынды, алтауына ескерту берілді,- деп хабарлайды Ақтөбе облыстық соты.

Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 5 мамыр күнгі қаулысымен өзі ескерту алып, күйеуіне 27 780 теңге айыппұл салынған Гүлбақыт есімді әйелдің сөзінше, ұсталғандардың басым көпшілігі мәдениет саласының қызметкері.

- Жала жабылып, 10 жылға сотталған Әліби Өтепберген Нұр-Сұлтандағы "Шабыт" университетінің студенті болатын. Былтыр жазғы демалысында оқушылар лагерінде тәлімгер болып жүргенде істі болды. Мәдениет саласына қатысы бар әрі күйеуімнің жақсы танысы болғандықтан соттан әділдік сұрап барғанымыз рас. Бірақ шу шығарып, тәртіп бұзғанымыз жоқ,- дейді Гүлбақыт.

Жиналғандарды полиция сейсенбі күні сағат ондар шамасында бір автобус пен үш автозакқа отырғызып әкеткен. "Төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталғандар жөніндегі онлайн сот қаулысы мамырдың 5-іне шыққан.

Ақтөбе облыстық соты Қылмыстық кодекстің 124 бабының 3-бөлігімен айыпталған Әліби Өтепбергеннің ісін апелляция алқасы 15 мамырда қарайды деп хабарлады.


  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG