Accessibility links

Нұр-Сұлтанда тұрғындар BI Group компаниясының тұрғын үй құрылысына наразылық білдірді


Тұрғын Фархад Ақбердиев тұрғын үй емес, оқушылар сарайы керектігін айтып тұр. Нұр-Сұлтан, 7 мамыр 2020 жыл.
Тұрғын Фархад Ақбердиев тұрғын үй емес, оқушылар сарайы керектігін айтып тұр. Нұр-Сұлтан, 7 мамыр 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы «Сармат» көпқабатты тұрғын үйде тұратын адамдар өздері тұрып жатқан ғимарат жанынан тағы да көпқабатты үйдің салынуына наразы. Олар BI Group құрылыс компаниясының жобасын заңсыз деп атап, бұл нысан тұрғындардың экологиялық, әлеуметтік жағдайларын нашарлатып жібереді деп санайды.

Тұрғындардың айтуынша, құрылыс компаниясы ауладағы бос алқапты сәуірден бастап қоршауға алып, құрылыс материалдарын түсіре бастаған. Бұған наразылық білдірген тұрғындар 7 мамыр күні талаптары жазылған плакатпен сол алаңқайға жиналмақ болған, бірақ әлдекімдер ол жерге кәріз суын ағызғанын айтады.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ол аумаққа тұрғын үй емес - оқушылар сарайы мен саябақ керек. Олар қоғамдық тыңдау өткізіп, пікірлерін тыңдауды талап етіп, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне, прокуратураға арызданғандарын, алайда ешқандай жауап болмағанын айтады.

"Онсыз да төңіректе бірнеше тұрғын үй жинақталған бұл ауданда №59 мектеп орналасқан. 1200 балаға арналған мектеп қазір төрт ауысыммен 4200 баланы оқытып жатыр" дейді тұрғындар.

"Сармат" тұрғын үй кешені тұрғындары аулада наразылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 7 мамыр 2020 жыл.
"Сармат" тұрғын үй кешені тұрғындары аулада наразылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 7 мамыр 2020 жыл.

- Былтыр ғана есік алдынан бір баланы көлік қағып кетті. Ал BI Group ол жерге үй салса, мектепке кем дегенде тағы 6 мың оқушы барады деген сөз. Қалада оқушылар сарайы оң жағалауда орналасқан. Оған балаларды апарып әкелу қиын. Одан да оқушылар сарайы мен балалар мен біз сияқты қарттарға саябақ салсын, - дейді Фарид Ақбердиев.

Оның сөзін қоштаған Сәлима Нысанбаева Нұр-Сұлтан әкімдігінің №59 мектептегі оқушылар көптігін мектепке қосымша құрылыс салып шешетіндері туралы мәлімдеме жасады дейді.

- Біздің балаларымыз сапалы білім алып жатқан жоқ. Отбасы бюджетінің басым бөлігі репититор жалдауға кетеді. Біз бұл жерден тұрғын үй салуға қарсымыз. Біздің жиналатынымызды естіп полиция келді, ал әкімдіктен хабар жоқ, - деді Сәлима Нысанбаева.

Сәлден соң полиция қызметкерлері келіп өздерін видеоға түсіре бастаған соң тұрғындар тарап кетті.

Азаттық тілшісі тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат берілгені-берілмегені және тұрғындар арызына байланысты ақпаратты анықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласы орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышевке хабарласқан еді. Ол телефонын көтермеді.

Ал ВI Group компаниясының баспасөз хатшысы құрылыс компаниясының тұрғын үй салу туралы жоспары барын растады. Ол жер телімі жеке меншікке берілген деп айтқанмен нақты кімге тиесілі екенін ашып айтпады.

- Ол жерге тұрғын үй салу қаланы дамыту бойынша бас жоспарда қарастырылған. Мұндай жағдайда қоғамдық тыңдау өткізу заңмен қарастырылмаған. Біздің өкілдеріміз тұрғындармен кездескен. Біздің түсінуімізше, олар тұрғын үй құрылысына емес, үй қасындағы мектеп үшін алаңдайды. Бұл күрделі мәселені қала билігімен талқылаймыз, - деді BI Group баспасөз хатшысы Юрий Дорохов.

Тұрғындар компания өкілдерімен кездескенін растады. Өздерінің бұл құрылысқа мүлде қарсы екендіктерін айтқан тұрғындар қала билігі "бізді тыңдаудан бас тартып отыр" деп санайды. Азаттық бұл мәселені бақылауда ұстайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG