Accessibility links

Түркиялық компания Алматы әуежайының акциясын 415 млн долларға сатып алды


Алматы әуежайы
Алматы әуежайы

Түркиялық TAV Airports Holding компаниясы Алматының халықаралық әуежайының жүз пайыз акциясын сатып алғанын хабарлады. Келісім құны - 415 миллион доллар. Бұл туралы компанияның ресми сайты хабарлады.

Алматы әуежайы түрік компаниясының портфеліндегі 15-аэропорт болмақ. Компанияның мәліметінше, TAV Airports холдингінің консорциумдегі үлесі 75 пайызды құрайды. Акция барлық заң процедурасы аяқталған соң берілмек.

Алматы әуежайының акциясын 2011 жылы Нидерланд елінің Venus Airport Investments B.V компаниясы сатып алып, содан бері қызмет көрсетіп келген. Қазақстандық Forbes.kz журналы былтыр қарашада бұл компанияның негізгі иесі – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (былтыр президентіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билігін сақтап қалды) күйеубаласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын сингапурлік Steppe Capital Pte. Ltd екенін жазған.

2019 жылы Алматы әуежайының президенті Айбол Бекмұхамбетовтің үстінен "бөтеннің мүлкін талан-таражға салды" деп қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық іс қозғалар алдында ол "өз еркімен" қызметтен кеткен. Қазір Бекмұхаметов кепілмен босатылған.

TAV Airports дерегінше, Алматы әуежайы 2019 жылы 6,4 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Әуежай Air Astana, SCAT, FlyArystan және Qazaq Air компаниясының базасы саналады.

TAV Airports Түркияның Анталья, Анкара, Измир, Бодрум, Алания қаласындағы әуежайларды, Тбилиси мен Батумидегі (Грузия), Тунистегі (Тунис елі), Скопьедағы (Солтүстік Македония), Мединадағы (Сауд Арабиясы), Загребтегі (Хорватия) аэропортты басқарады.

Алматы әуежайы 1935 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазақстандағы ең ірі әуежай саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG