Accessibility links

Тбилиси Киевтегі елшісін қайтарады


Грузия жалауы. Көрнекі сурет.
Грузия жалауы. Көрнекі сурет.

Тбилиси Киевтегі елшісін қайтарады. Бұл туралы Грузияның сыртқы істер министрі Давид Залкалиани мәлімдеді. Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Украина президенті жанындағы реформа бойынша ұлттық кеңестің атқарушы комитетінің жетекшісі болып тағайындалғаннан кейін Грузия осындай қадам жасап отыр. Реформа бойынша ұлттық кеңес 2014 жылы құрылған және президент жанындағы кеңесу органы саналады.

Бұған дейін Саакашвилиге Украина премьер-министрінің орынбасары қызметі ұсынылған болатын. Алайда тағайындауға Жоғарғы радада дауыс жетпеген.

Грузияның сыртқы істер министрі дегенмен елшіні қайтару Украинамен дипломатиялық қатынасты толық үзуді білдірмейді деп айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский Грузияның елшіні қайтару туралы ұйғарымын қате шешім деп атап, Украина оның әрекетін қайталамайды деп мәлімдеді.

2015 жылы Саакашвили Украина азаматтығын алып, сол кездегі президент Петр Порошенконың жарлығымен Одесса облысының басшылығына тағайындалған болатын. Осыдан кейін Грузия «қос азаматтыққа жол берілмейді» деген уәжбен Саакашвилиді Грузия азаматтығынан айырды.

Порошенко пен Саакашвили қатынасы 2016 жылы жемқорлықпен күрес және реформа жасау туралы бастамалардан кейін бұзылып, қараша айында Саакашвили қызметінен босатылды. 2017 жылы шілде айында Саакашвили «Жаңа күштер рухы» (украин тілінде: Рух нових сил – ред.) деп аталатын оппозициялық партия құрған соң Порошенконың жарлығымен Украина азаматтығынан айырылған.

Былтыр мамыр айында Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG