Accessibility links

Қырғызстан мен Тәжікстан бір-біріне наразылық нотасын тапсырды


Қырғыз-тәжік шекарасы аумағында орналасқан елді мекендердің бірі. Қырғызстан, Баткен облысы. 9 мамыр 2020 жыл.
Қырғыз-тәжік шекарасы аумағында орналасқан елді мекендердің бірі. Қырғызстан, Баткен облысы. 9 мамыр 2020 жыл.

8 мамырда қырғыз-тәжік шекарасы аумағында болған оқиғаға байланысты Қырғызстан мен Тәжікстан бір-біріне наразылық нотасын тапсырды. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 9 мамырда Душанбе Қырғызстанның Тәжікстандағы елшісі Жаныш Рустенбековті шақырып, "Қырғызстан азаматтары мен әскери қызметкерлерінің арандату әрекетіне" байланысты наразылық нотасын берген. Тәжік тарабының айтуынша, Қырғызстан азаматының оқ атуы және қырғыз шекарашыларының әрекеті тәжік шекарашыларын жауап қайтаруға мәжбүрлеген. Осы оқиғаның кесірінен екі тәжік азаматы ауыр жарақаттанған.

9 мамырда бірнеше сағат бұрын Қырғызстан Тәжікстан елшісі Н.Ализоданы шақырып, осыған ұқсас нота тапсырған болатын. Қырғыз жағының айтуынша, тәжіктер автоматпен атқылағаннан кейін үш шекарашы және бір жергілікті тұрғын ауыр жараланған. Тәжікстан сарбаздарының арандату әрекетінен кейін шекара аумағында жағдай ушыққан.

8 мамырда кешке қырғыз-тәжік шекарасы аумағында жер телімін пайдалануға байланысты екі тарап арасында кикілжің болып, оқ атылған. Екі жақтан да адамдар зардап шеккен.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

2019 жылы қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG