Accessibility links

Тоқаев: Төтенше жағдай аяқталса да, көшеде 3 адамнан артық жиналуға болмайды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, індет толығымен жойылған жоқ. Сондықтан карантин шектеулері әр өңірдегі жағдайға қарай біртіндеп алынады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтқан бұл сөзі президент әкімшілігінің сайтында жарияланды.

- Әлеуметтік арақашықтық сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасының шектеулері қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан коронавирус індетінің "шарықтау шегінен өткен, қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан".

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатынын мәлімдеді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматыға, кейін өзге де бірнеше қала мен аудандарға карантин енгізілген.

Соңғы мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар Қазақстанда 5138 адамға жетті. 1941 адам коронавирус инфекциясынан жазылып, 31 адам қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG