Accessibility links

Азаттықтың Тараздағы тілшісін полиция әкетіп, қайта босатты


 Белсенді Абай Жүндібаевтың сотына жиналған азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Жамбыл облыстық сот ғимараты, Тараз қаласы, 11 мамыр 2020 жыл.
Белсенді Абай Жүндібаевтың сотына жиналған азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Жамбыл облыстық сот ғимараты, Тараз қаласы, 11 мамыр 2020 жыл.

Бүгін, 11 мамырда жергілікті белсенді Абай Жүндібаевқа байланысты Жамбыл облыстық сот процесінен хабар таратуға барған Азаттықтың аймақтағы тілшісі Айсұлу Берікті полиция алып кеткен.

Белсенді Абай Жүндібаевтың Азаттыққа хабарлауынша, сот алдына оннан аса адам жиналған. Арада жарты сағат өтпей, полиция жиналғандардың барлығын, оның ішінде Азаттық тілшісін де әкеткен.

Жергілікті полиция департаментінің баспасөз хатшысы Құндыз Бөгенбаева "полиция қызметкерлеріне журналист екенін растайтын құжатын көрсетпеген" деп санайды.

- Карантин кезінде жиналуға болмайды. Олар өздері жиналып қоймай, әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, өзгелерді де шақырған. Полиция топ ішінде журналист болғанын білмеген. Журналист екені анықталған соң босатылады, - деді баспасөз хатшысы.

Алайда полиция бөлімшесінде бір сағатқа жуық уақыт болған Азаттық тілшісі Айсұлу Берік бұл сөздерді жоққа шығарады.

- Сот алдына жиналғандарды суретке түсіріп жүрдім. Шамамен жарты сағаттан кейін полиция әкетті. Оларға аты-жөнімді, қызметімді бірнеше рет айттым, тыңдамады. Бөлімшеге апарып, аты-жөнім, отбасым жайлы мәліметтерді жазып алды. Түсініктеме жаздырғысы келіп, айнып қалды,- дейді Айсұлу Берік.

Айсұлу Берік 2020 жылдың қаңтарынан бастап Азаттықтың Тараз қаласындағы тілшісі болып жұмыс істейді, Жамбыл облысынан хабар таратады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG