Accessibility links

Мақтаарал диқандары егіске су сұрап, аудан әкімдігіне жиналды


Наразы дихандар Мақтаарал аудандық әкімдігі алдында тұр. Түркістан облысы, 11 мамыр 2020 жыл.
Наразы дихандар Мақтаарал аудандық әкімдігі алдында тұр. Түркістан облысы, 11 мамыр 2020 жыл.

11 мамыр күні Түркістан облысы Мақтаарал ауданы әкімдігі алдына жиырма шақты диқан жиналып, егіс суының тоқтатылғанына наразылық білдірді. Әкімдік Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, Мақтаарал ауданының бірнеше ауылы су астында қалған соң "Достық" каналы бекітілгенін айтады. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Әкімдік алдына жиналған диқандар Жамбыл ауылдық округінің Кеңесшіл, Ерлан ата, Көкпар сай, Абай, Тегістік және Жамбыл ауылдарынан келген. Диқан Дәулет Опабеков бір гектарға – капуста, бір гектарға – қарбыз, қауын егіп, шығынға бата бастағанын, піскен капустасын карантинге байланысты сата алмай отырғанын айтады. Ал қарбыз, қауынын суаратын су жоқ, өйткені қазақ-өзбек шекарасынан басталатын "Достық" каналын әкімдік жауып, бөгеп тастаған.

- Капустаның келісін 13 теңгеден сұрайды. Бұл - тыңайтқыштың да шығынын жаппайды. Қарбыз, қауынның жапырақтары қурап жатыр. Өйткені су жоқ. Бірнеше күннен бері әкімдікке келіп, каналды ашуды сұрап жүрміз, - дейді ол.

Тағы бір диқан Қайрат Наленовтың айтуынша, әкімдіктің каналды ашуға уәде бергеніне бірнеше күн болған. "Бірнеше ауыл диқандарының егінін су шайды. Енді екінші егіндік күйіп жоқ болайын деп тұр. Ерте пісетін көкөніске миллиондап ақша жұмсалады. Балаларымыздың аузынан жырып алып, жерге салдық қой" дейді ол ашынып.

Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Махамбет Ердешовтың сөзінше, "Достық" каналындағы су тоқтап тұрғаны рас. Мақтааралдағы бес ауылды су алған соң канал бекітілген, қайта ашуға техника жетіспейді.

- Барлық техниканы су алған ауылдарға жібердік. 9 мамыр күні диқандарға "Достық" каналын ашамыз деп уәде берген едік. Техниканың тапшылығынан аша алмадық, - дейді әкімнің орынбасары.

Шенеунік диқандарға үйіне қайтуды сұрады. Диқандар су жіберілмесе кетпейтінін ескертті.

1 мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, Түркістан облысы Мақтарал ауданының бес ауылы су астында қалған. Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG