Accessibility links

"Жала жапты" деп сотталған белсенді Жамбыл Көбейсінов бостандыққа шықты


Маңғыстаулық белсенді әрі блогер Жамбыл Көбейсінов (оң жақта) пен әйелі Ділбар Бегжанова. Видеодан скриншот.
Маңғыстаулық белсенді әрі блогер Жамбыл Көбейсінов (оң жақта) пен әйелі Ділбар Бегжанова. Видеодан скриншот.

"Жала жабу" бабымен алты айға бас бостандығынан айырылған маңғыстаулық белсенді Жамбыл Көбейсінов 11 мамырда түрмеден шықты. Ол өзі жазасын өтеп шыққан Қызылорда қаласындағы ЗК-169/4 қоныс колониясында босап шығуға тиіс уақытынан бес күн артық отырғанын айтады.

Жамбыл Көбейсіновтың сөзінше, ол Қызылорда облыстық сотының шешімімен 6 мамырда бостандыққа шығуы тиіс болған, бірақ мекеме мереке дегенді себеп қылып тек бес күн өте бостандыққа шығарған.

Қызылорда облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері полиция майоры Шырын Әбдиева Азаттыққа Жамбыл Көбейсіновті босату туралы сот қаулысының 6 мамырда күшіне енгенін растап "Бұған дейін мереке күндері болды. Соттың қаулысы бүгін (11 мамыр – ред.) келіпті, шығаруға енді дайындап жатыр" деді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина заң орындарының белсендіні бес күн артық ұстағанын заңсыз деп санайды.

– Бұл – қылмыстық атқару жүйесі департменті мен соттың проблемасы. Себебі олар Көбейсінов қаулысының заңды күшіне 6 мамырда енетінін алдын ала білгендіктен сол күні таңертең оны босатуы тиіс еді. БҰҰ бұл туралы қаулысы да бар, сондықтан Көбейсінов сотқа шағым түсіруіне болады, – деді ол.

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 2019 жылы 13 желтоқсанда ақтаулық белсенді Жамбыл Көбейсінов пен оның әйелі Ділбар Бегжановаға Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" бабы бойынша үкім шығарған еді. Сот үкіміне сай, Көбейсінов алты айға түрмеге қамалып, Бегжанованың бас бостандығы алты айға шартты түрде шектелді. Сотқа олардың үстінен Маңғыстау ауданы полиция бөлімшесінің бастығы Рашид Қуандықов жеке шағым түсірген.

2020 жылы 21 сәуірде Қызылорда облыстық соты Жамбыл Көбейсіновтің арызын қанағаттандырып, заңға енгізілген "жазасының бір күнін екі күнге есептеу туралы" өзгеріске байланысты оны бостандыққа шығару туралы шешім шығарған.

Ділбар Бегжанова жазасының бір күнін екі күнге есептеу туралы өтініш түсірмегенін айтады.

36 жастағы Жамбыл Көбейсінов әлеуметтік желіні белсенді қолданатын блогер ретінде танылған. Ол YouTube желісінде жеке каналын ашып, Қазақстандағы көп балалы отбасылардың ауыр тұрмысы, қазақ тілінің жағдайы, сайлау туралы, Жаңаөзен тақырыбы тәрізді қоғамдағы өзін толғандырған мәселелер жайлы ой-пікірін айтып, видеолар жариялап отырған.

Оқи отырыңыз: "Полиция басшысына жала жапты". Әйелімен бірге сотталған белсенді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG