Accessibility links

ДДСҰ инфекция қайтпаса да кей елдердің карантинді жұмсарта бастағанынан қауіптенеді


Италия астанасы Рим қаласында мотороллермен бара жатқан адамдар. Рим, 12 мамыр 2020 жыл.
Италия астанасы Рим қаласында мотороллермен бара жатқан адамдар. Рим, 12 мамыр 2020 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) кей елдер коронавирустың қайта өршуіне жол бермейтін шараларды жеткілікті қабылдамастан оқшаулануды тоқтата бастады деп ескертті. Бұған дейін сегіз аптаға жуық карантинде отырған Франция мен Бельгия карантиннен сатылап шығуға кіріскенін хабарлаған. Нидерланды 11 мамырдан бастап мектеп сабағын жалғастыруға рұқсат берген. Британия да экономикасын қайта қозғау жөніндегі жоспарын жариялаған.

Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар жаппай тестілеу мен карантинде отырғандармен қарым-қатынаста болғандарды қадағалаусыз карантин шараларын жұмсарту коронавирустың жаңа толқынына әкелуі мүмкін деп санайды.

Коронавирустың жаңа толқыны жайлы қауіп Оңтүстік Кореяда пайда болған. Корея билігінің мәліметіне қарағанда, қайта ашылған түнгі клубтар вирус ошағына айналған.

Сәуірдің соңында экономикасын қайта қозғауға кіріскен Германияда соңғы күндері жаңадан инфекция жұқтырғандар көбейе бастағаны байқалған.

Мамырдың 11-іне Ресей коронавирус жұқтырғандар жөнінен Британиядан асып түсіп, әлемде үшінші орынға шықты. Ресми мәліметке қарағанда, Ресейде бір тәулік ішінде 11 656 адам жұқтырған. Жұқтырғандардың жалпы саны 221 мыңнан асса да Ресей президенті Владимир Путин "жұмыс істемейтін күндер режимі" 12 мамырда аяқталатынын мәлімдеді.

Мамырдың 11-інен бастап Қазақстанда да төтенше жағдай режимі тоқтатылды, бірақ карантиннің кейбір шаралары сақталып қалды. Қазақстан билігі карантин шектеулері әр аймақтағы жағдайға қарай біртіндеп өзгеретінін мәлімдеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG