Accessibility links

Нұр-Сұлтанның жекеменшік балабақшалары дотациясыз қалғанына наразылығын білдірді


Тендерден ұтқан қаржыны ала алмаған жекеменшік балабақша иелері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне келіп тұр. 12 мамыр 2020 жыл.

Мамырдың 11-іне Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік балабақша иелері әкімдік алдына жиналып, ақпан айында аяқталған тендер бойынша мемлекеттен бөлінген дотацияны алмағанына наразылығын білдірді. Олар дотациясыз қалған балабақшалар жабылып қала ма деп алаңдайды.

Жиналғандардың айтуларынша, тендер қорытындысы 7 ақпанда жарияланғанымен қалалық білім басқармасы келісімшарт жасауға асықпаған. Балабақша иелері хат жазып, әкімдікті келісімшарт жасауға шақырып жүргенде коронавирусқа байланысты карантин басталып кеткенін айтады.

- Басқарма басшысы орынбасары Гүлжан Айтжанова қол қойған ресми хат алдық. Онда мектепке дейінгі білім мекемелеріне 2020 жылы қаржы бөлінбейтіні жазылған. Бұл - тендерді жеңген 47 балабақша жабылады деген сөз,- дейді Жанель Шаймерденова.

Жекеменшік балабақша иелерінің сөзінше, мемлекет қаржыландырмаса ата-аналар балабақша ақысын жүз пайыз төлеуі тиіс болады, ал ол 50-100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Дотация алған балабақшаларға 3 мыңға жуық сәби барады.

Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары Гүлім Айтжанованың айтуынша, "келісімшарт қаржы жоқтықтан жасалмаған".

- Бюджет әлі анықталған жоқ. Шамамен маусым айында белгілі болады, содан соң келісімшарт жасаймыз,- деді Гүлжан Айтжанова.

Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақша кезегінде 20 мыңнан астам сәби тұр. Қалалық білім басқармасы мәліметіне қарағанда мектепке дейінгі 377 мекемеге 55 мың 708 сәби барады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG