Accessibility links

Ақтөбенің қайта ашылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек көбейді


Тургенев көшесіндегі "Халыққа қызмет көрсету орталығының" алдында тұрған адамдар. Ақтөбе, 12 мамыр 2020 жыл.
Тургенев көшесіндегі "Халыққа қызмет көрсету орталығының" алдында тұрған адамдар. Ақтөбе, 12 мамыр 2020 жыл.

Мамырдың 12-сіне Ақтөбеде қайта ашылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек күрт көбейіп, жүз шақты адам жиналды.

Ақтөбенің Тургенев көшесіндегі орталыққа жиналғандар жаңбыр астында сағаттап тұрған. Кей азаматтар кезек алу үшін орталыққа таңғы сағат сегізде келгенін айтады.

Орталық өкілі Жанат Алдамжарованың сөзінше, Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтары коронавирус індетіне байланысты жаңа форматпен жұмыс істей бастаған. Сондықтан орталыққа келмес бұрын азаматтар egov порталы немесе 1414 нөмірі арқылы бронь жасауы керек.

- ХҚКО қызметін пайдалану үшін egov арқылы кезек алу керек екен. Оның істемей тұрғанына бірнеше күн болды. Мұндағылар кей қызмет түрлерін egov-тан алыңдар дейді. Ол мүлде мүмкін емес, - дейді жауын астында қалған Ғалия Әминова.

Анар есімді Ақтөбе тұрғыны карантин кезінде құжаттарды онлайн рәсімдей алмағанын айтады.

- Сәуірдің басында ағам балалы болған. Баланың құжаттары әлі рәсімделген жоқ. Құжаты жоқ балаға емханалар да қарамайды.1414 нөміріне қайта-қайта хабарласып, үміт үздік. Egov-қа кіре алмағанымызға он күн болды,- дейді.

Ақтөбе қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының өкілі Жанат Алдамжарова "Көп салмақ түскенде Egov порталының жұмысы баяулайтыны рас. Құжатын онлайн рәсімдей алмай жүргендер араға біраз уақыт салып, порталға қайта кіруі керек" дейді.

Ақтөбе әкімдігінің хабарлауынша, 12 мамырдан бастап әкімдіктер, супермаркеттер мен орта білім беретін мектептерде халыққа қызмет көрсету бұрыштары құрылған. "Ол бұрыштар тұрғындарға құжаттардың кей түрлерін рәсімдеуге көмектеседі. Ақтөбеде халыққа қызмет көрсететін 90 бұрыш жасақтау жоспарланып отыр. Әзір оның барлығы бірдей ашылған жоқ" деп хабарлайды әкімдік.

Төтенше жағдай режимі мен карантинге байланысты онлайн жұмысқа көшкен Ақтөбе қаласының халыққа қызмет көрсету көрсету орталығының үшеуі ғана қайта ашылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG