Accessibility links

Ресей COVID-19 жұққандар саны бойынша әлемде екінші орынға шықты


Медицина қызметкері коронавирусты анықтайтын мобильді зертханадан шығып келе жатыр. Мәскеу, 2020 жылдың сәуірі.
Медицина қызметкері коронавирусты анықтайтын мобильді зертханадан шығып келе жатыр. Мәскеу, 2020 жылдың сәуірі.

12 мамыр таңертеңгі дерек бойынша, Ресейде кейінгі күні 10899 адамға коронавирус жұқты. Бұл туралы елдегі коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.

Вирусты жұқтырғандар саны 232 243 адамға жеткен Ресей Ұлыбритания мен Испанияның алдына шығып, екінші орынға көтерілді. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, Ұлыбританияда 224 332 адамнан, ал Испанияда 227 436 адамнан коронавирус табылған. Инфекциясын жұқтыру бойынша бірінші орында АҚШ тұр. Мұнда 1,3 млн адамнан вирус табылды. Ресейде қазірге дейін коронавирустан 2116 адам қайтыс болды. Жазылғандар саны - 43 512 адам.

Financial Times басылымының жазуынша, Ресейде COVID-19 вирусынан қаза тапқандар саны ресми мәліметтен 72 пайызға көп болуы мүмкін.

Ресми дерек бойынша, сәуір айында Мәскеу мен Санкт-Петербургте коронавирустан 629 науқас көз жұмған. Ал басылымның жазуынша, сәуірде екі қалада өлім-жітім деңгейі соңғы бес жылдағы орта көрсеткіштен 72%-ға жоғары болып, 2073 адамды (Мәскеуде - 1841 адам, Санкт-Петербургте - 232 адам) құраған. Financial Times "вирустан қаза болған 1444 адам есепке қосылмай қалған" деп санайды.

Мұның алдында Мәскеудегі АХАЖ мекемесі 2020 жылғы сәуір айында қайтыс болғандар санын жариялаған. Онда Мәскеуде сәуірде 11846 адам қайтыс болғаны көрсетілген. Мәскеуде бір айда қайтыс болғандар саны соңғы 10 жылда алғаш рет 11 мыңнан асқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG