Accessibility links

Тәжікстан: "Азия-Плюс" басылымының тілшісі өзіне шабуыл жасалғанын хабарлады


Журналист Абдулло Гурбати шабуылдан кейін. Душанбе, 11 мамыр 2020 жыл.
Журналист Абдулло Гурбати шабуылдан кейін. Душанбе, 11 мамыр 2020 жыл.

Тәжікстанда "Азия-Плюс" тәуелсіз ақпарат агенттігінің тілшісі 23 жастағы журналист Абдулло Гурбати 11 мамырда кешкісін өзіне шабуыл жасалғанын хабарлады.

Гурбатидің сөзіне қарағанда үйінің жанындағы дүкеннен келе жатқан кезде маска таққан белгісіз екі адам оған шабуыл жасаған. Оған дейін телефонына белгісіз біреулер хабарласып, сес көрсеткен.

Журналистің айтуынша, айналасындағыларды дереу көмекке шақырған кезде шабуыл жасаған екі адам қашып кеткен. Бұдан соң журналист редакцияға хабарласып, ауруханаға барған. Бірнеше аурухана карантинді алға тартып қабылдай алмайтынын айтқан. Тек медициналық орталықтардың бірі оны қарап, емдеуге келіскен.

Тәжікстанның ішкі істер министрлігі Азаттыққа "егер журналист құқық қорғау органдарына шағымданса, міндетті түрде шара қолданылады" деп айтқан.

Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген Абдулло Гурбати оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырады. Оның сөзіне қарағанда бір ай бұрын белгісіз біреулер телефонына хабарласып, "есеп айырысатынын" айтқан.

Бұған қоса, екі күн бұрын белгісіз біреу Гурбатиге қоңырау шалып, кездесуге келіскен. Кездесу орнына досымен барған кезде ешкім келмеген.

Гурбати "Азия-Плюс" басылымында әлеуметтік мәселелер бойынша мақалалар жазады. Бұған дейін әскерге күштеп алу туралы зерттеу жариялаған.

Тәжікстан билігі "Азия-Плюс" басылымының сайтын бірнеше рет бұғаттаған. Қазір ел аумағында басылым сайты ашылмайды. 2019 жылы Ресей де сайтты жапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG