Accessibility links

Қырғызстанның жоғарғы соты 13 мамырда құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың ісін қарайды


Құқық қорғаушы Азимжан Асқаров. Бішкек, 10 қаңтар 2017 жыл.
Құқық қорғаушы Азимжан Асқаров. Бішкек, 10 қаңтар 2017 жыл.

13 мамырда Қырғызстанда өмір бойы түрме жазасына кесілген құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың кассациялық шағымы жоғарғы сотта қаралады. Бұл туралы "Бир дүние - Кыргызстан" қоғамдық ұйымы хабарлады.

Ақпан айында жаңа жайттардың анықталуына байланысты "Асқаров ісінің" қайта қаралатыны белгілі болған еді. 25 ақпанда алғашқы сот отырысы кезінде прокурорлар кассациялық шағымға қосымша мәлімет енгізілгендіктен іспенен танысуға уақыт сұрап, өтініш жасаған. Сот прокурорлардың талабын қанағаттандырған. Асқаровтың адвокаты Валерьян Вахитов прокурорлардың талабын "орынды" деп бағалаған.

21 қаңтарда Қырғызстан БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесінің жұмыс тобы алдында есеп беріп, БҰҰ-ның өзге мүшелерінен бірқатар ұсыныс алған. Соның ішінде Ирландия өкілі Қырғызстанды құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты босатуға шақырған болатын. Кейінірек құқық қорғаушы қырғыз үкіметі БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша комитетінің ұсыныстарын, мемлекетаралық міндеттемелерін атқармай жатыр деп Бішкек ауданаралық сотына шағым түсірген. Бұл істің қашан қаралатыны белгісіз.

Жалалабад облысы Базар-Коргон ауданының тұрғыны, құқық қорғаушы, 68 жастағы этникалық өзбек Азимжан Асқаров Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы маусымда этникалық сипаттағы жанжалға қатысты деп айыпталған. Қақтығыстардан 450-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Билік Асқаровты "қақтығыс кезінде мерт болған милиционердңі қазасына қатысы бар" деп айыптап, өмір бойына түрмеге қамауға үкім еткен.

2016 жылдың сәуірінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қырғызстан билігін Асқаровтың ісін қайта қарауға шақырған. Комитет Асқаровтың "қамауда азаптауға ұшырағанын" айтып, тергеу және сот процесі барысында заң талабы бұзылған деп тапқан.

Асқаров өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Бұған дейін Human Rights Watch ұйымы түрмеде ұзақ жыл отырған Асқаровтың жүрек және тыныс алу ауруларына шалдыққанын, оған қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетілмей отырғанын айтып, Қырғызстан билігін оны түрмеден босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG