Accessibility links

Ресей ауруханадағы "өртке себеп болған" жасанды тыныс алу аппараттарын қолдануды тоқтатты


"Авента-М" жасанды тыныс алу аппараты.
"Авента-М" жасанды тыныс алу аппараты.

Ресейдің денсаулық сақтау саласында қадағалаушы орган "Росздравнадзор" 2020 жылдың 1 сәуірінен кейін шығарылған "Авента-М" жасанды тыныс алу аппараттарын қолдануды тоқтатты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Әзірге толық емес мәлімет бойынша, бұл аппараттар Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі ауруханалардың өртенуіне себеп болуы мүмкін. Өрттен коронавирус жұққан 6 науқас қайтыс болған.

9 мамырда кешке Мәскеудің солтүстік-батыс ауданында орналасқан ауруханалардың бірі өртеніп, бір адам қаза болған. Үш күннен соң Санкт-Петербургтегі Әулие Георгий ауруханасынан өрт шығып, 5 адам мерт болған.

"Авента-М" аппараттарын мемлекеттік "Ростех" корпорациясының құрамына кіретін Орал құрастыру зауыты шығарады. Оны осы мемлекеттік корпорация құрамына кіретін радиоэлектронды технология концерні (КРЭТ) ауруханаларға жеткізеді.

Наурыз айының соңында премьер-министр Михаил Мишустин бұйрық шығарып, концернді Ресейдің медициналық мекемелерін жасанды тыныс алу аппаратымен қамтамасыз ететін жалғыз мекеме ретінде белгілеген. Коммерсант басылымының жазуынша, бұрын күніне 10 аппарат шығаратын зауыт осыдан соң тәулігіне 100 аппаратқа дейін шығаруды жоспарлаған.

"База" басылымының мәліметі бойынша, қазірдің өзінде Ресейде мыңдаған "Авента-М" маркалы жасанды тыныс алу аппараттары қолданылып жатыр. Олардың әрқайсысын шығаруға бюджеттен үшін 1,5-3,4 млн рубль жұмсалады. Сәуір айының басынан бері ресейлік ауруханалар байқау өткізбей, 14,6 млрд рубльге мыңдаған аппарат сатып алған.

Ресей аннексиялаған Севастополь және Ленинград облысы 12 мамырда кешке аппаратты қолданудан бас тартты. Билік аппарат тапшылығы туындаған жағдайда сұранысты қалай толтыратынын әзірге хабарлаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG