Accessibility links

Қазақстанның оңтүстігінде бірнеше ауылды су алып, тұрғындар эвакуацияланды


Түркістан облысының картасы.
Түркістан облысының картасы.

13 мамыр түнде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бірнеше ауылды су алып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Бұл туралы облыс және қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Түркістан облысы Төле би ауданының әкімі Бауыржан Омаровтың айтуынша, түстен кейін жауын жауып әуелі Қасқасу ауылындағы Қасқасу өзені арнасынан тасыған. Ауыл ішіндегі төрт көпірді су шайып, көшеге жайылған. Өзен суы Екпінді ауылына келіп, орталық көшелеріне кірген және Леңгір қаласының бірнеше көшесіне жеткен.

“Сұлтанадаб елдімекеніндегі жағдай күрделі. 150 үй тұратын көшені су алған. Жаңбырдың суы бірнеше аула мен үйге кірген. Көше тұрғындары Леңгір қаласындағы колледжге эвакуацияланып жатыр. Қанша үйді су алғанын анықтап жатырмыз” деді аудан әкімі 13 мамыр кешкісін.

Түркістан облысы әкімдігі облыстағы Төле би ауданынан бөлек Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылындағы 30 үйді жауынның суы басқанын хабарлады.

Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны Керімхан Мырзақұловтың сөзінше, ауылдағы Қасқасу өзеніне Сырғанақ сайы мен таудан келген су қосылады, түстен кейін Сырғанақ сайынан қатты су келіп, көпірлерді жұлып кеткен.

- Өзеннің екі жағында орналасқан ауыл тұрғындары екі жақта қалып қойды. Ауыл тұрғындарының далада жайылып жүрген малы сумен ағып келді, - деді ол Азаттыққа.

Ал 13 мамыр күні түнде Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті қаладағы Елтай ауылын Қасқасу өзенінен ағып келген су шайғанын мәлімдеді. 60 үйді су алып, үш жүзге жуық адам эвакуацияланғанын мәлімдеді. Департаменттің хабарлауынша, тұрғындардың бір бөлігі туған-туысқандарының үйін паналаса, бір бөлігі Тоғыс ауылындағы екі мектепке жеткізілген.

Оқиға орындарында құтқарушылар жұмыс істеп жатқаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG