Accessibility links

Нұр-Сұлтанда орталық базар сатушылары наразылыққа шықты


Орталық базар сатушыларының наразылығы. Нұр-Сұлтан, 14 мамыр 2020 жыл.
Орталық базар сатушыларының наразылығы. Нұр-Сұлтан, 14 мамыр 2020 жыл.

14 мамырда Нұр-Сұлтанда орталық базардың 200-ден астам сатушысы сауда орны алдына жиналып, карантин кезіндегі базар әкімшілігінің "негізсіз талаптарына" қарсы шықты. Сатушылардың айтуынша, базар әкімшілігі алдын ала екі айдың жалға алу құнын төлеуді талап етіп отыр. Алдыңғы айларда табыссыз қалғанын айтқан саудагерлер мұндай ақшаны қайдан табамыз дейді.

“Біз карантин жарияланғанға дейін 1,5 айға төлегенбіз, оның ақшасы әлі ақталған жоқ. Енді мамыр мен маусымға төлеп кіресіңдер деп жатыр. Неге біз алдыңғысын ақтамай жатып, тағы екі айға төлеуіміз керек?” деді ашынған саудагерлер.

Наразы жұрттың сөзіне қарағанда шамамен екі жарым ай жабық болған сауда орны жақын арада ашылуы тиіс.

Олардың көбі "тым болмағанда бутиктегі тауарларымызды алуға рұқсат берсін, басқа жаққа кетеміз" деп отыр.

Орталық базар сатушылары мен базар әкімшілігі өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 14 мамыр 2020 жыл.
Орталық базар сатушылары мен базар әкімшілігі өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 14 мамыр 2020 жыл.

Саудагерлер бұған қоса, базардағы бутиктердің жалға алу құнының қымбаттығына шағымданды. Олардың сөзіне қарағанда, өзге сауда орталықтарында бутиктерді жалға алу құны бір шаршы метрге 4 мың теңгені құраса, мұнда - 6900-7000 теңге. Жиналғандар базар әкімшілігі "саудагерлердің пікір-ескертулеріне құлақ аспайды" деп те шағымданды.

Базар әкімшілігінен бір қызметкер шығып, саудагерлерді сабырға шақырды. Алайда наразы сатушылар базар басшылығының келуін талап етті. Айтуынша, олар бұған дейін екі рет жиналғанмен базар басшылығы келмеген. Бұдан соң базар өкілдері әрбір қатардан бір сатушыны ішке кіргізіп, мәселені талқылауға шақырды. Келіссөзге ақпарат құралдары әрең кіргізілді.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылады. Базар алдында әкімдік, прокуратура өкілдері де жүрді.

Шамамен 1,5 сағатқа созылған келіссөзден кейін саудагерлердің мәселесі ішінара шешілгендей болды. Базар әкімшілігі сатушыларға жалға алу құнын алдын ала төлемей, екі апта жұмыс істеуге рұқсат берді. Бірақ коммуналдық төлем мен күзет қызметінің ақысын қызметті пайдаланғандар төлейді деді.

Жалға алу құнына байланысты мәселе де толық шешілмеді. Базар әкімшілігі мәселені қарау үшін уақыт қажеттігін айтты. Наразы сатушылардың бір тобы олардың жауабын күтуге келісті, ал қалғаны басқа жақтан орын іздейтінін айтып, келісім-шартты үзуге кірісті.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған болатын. 19 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты карантинге жабылып, өзге көпшілік орындарымен бірге сауда орталықтары мен базар да жабылған. 11 мамырда төтенше жағдай аяқталғанмен карантин ережелері күшінде қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG