Accessibility links

Алматыда коронавирус жұққан орталық аурухана қызметкері қайтыс болды


Орталық қалалық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.
Орталық қалалық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Алматыда коронавирус жұққан орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкері қайтыс болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

"Ол ауруханада лифтер болып жұмыс істеген. 16 сәуірде одан SARS CoV-2 ПТР анализі алынған болатын. Тест оң нәтиже көрсеткен соң науқас инфекциялық стационарға ауыстырылған. Хаттамаға сәйкес, жан сақтау бөліміне жатқызылған болатын" деді басқарма өкілдері.

Олардың айтуынша, қазір адам өлімін зерттеу бойынша комиссия науқас өлімінің негізгі себебін анықтап жатыр.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққан науқастардың өлімін арнайы комиссия зерттейтінін хабарлаған. Егер комиссия "науқастың өліміне коронавирус емес, басқа ауру себеп болғанын анықтаса", онда бұл адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар статистикасына енгізілмейді.

Алматы қаласы (1709) коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада алда тұр. Мамырдың 10-ы күнгі дерек бойынша, қалада 607 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. 200-ден астамы - орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлері.

Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?

Алматыда коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастардың шамамен 36 пайызын медицина қызметкерлері құрайды.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG