Accessibility links

Тәжікстанда сел болып, үйлер мен жолдар бұзылды


Вахдат ауданында селдің салдарынан бұзылған үй. Тәжікстан, 15 мамыр 2020 жыл.
Вахдат ауданында селдің салдарынан бұзылған үй. Тәжікстан, 15 мамыр 2020 жыл.

Тәжікстанда 14-15 мамырда жауған қатты нөсерден кейін сел болып, үйлер мен жолдар бұзылған, кемінде бір адам мерт болған.

Үкімет жанындағы төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс комитетінің хабарлауынша, Кафирнихан өзені ернеуінен асып, сол жағалауында шамамен жарты шақырым жерді су басқан. 150-200 жол бұзылған.

Вахдат қаласы тұрғынының сөзіне қарағанда бейсенбі күні түстен кейін Кафирнихан өзенінің суы тез көтеріліп, тұрғындардың көбі мүліктерін жинап үлгермеген.

Төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс комитетінің мәліметі бойынша, Соғды және Хатлон облысындағы елді мекендер зардап шеккен.

Хатлон облысының Хуросон ауданында бір адам мерт болған. Комитеттің баспасөз хатшысы Умед Юсуфтың айтуынша, 55 жастағы тұрғын Хилоли ауылында тұрған. Комитет өкілдері опат болғандар көбеюі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жергілікті билік материалдық шығынды есептеп жатыр.

Комитет өкілдері апта басында тұрғындарға қатты нөсер жауатынын ескерткенін, көбі бұған құлақ аспағанын айтқан. Ауа райын болжайтын мамандар алдағы аптада тағы жаңбыр жауатынын хабарлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG