Accessibility links

Дулат Ағаділдің қазасы жайлы қылмыстық істе адвокат ауысты


Адвокат Ғалым Нұрпейісов
Адвокат Ғалым Нұрпейісов

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда қайтыс болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің ісінде адвокат ауысты.

Дулат Ағаділдің қазасынан соң қозғалған қылмыстық істе оның отбасының мүддесін мұнан былай адвокат Ғалым Нұрпейісов қорғайды. Ол тергеу барысына байланысты құпияны жарияламау жөнінде міндеттеме алғандықтан әзірге іс барысы туралы айтпайтынын, іс аяқталған соң сараптамасын жариялайтын айтты. Ол қылмыстық істі тергеу 25 мамырды аяқталуы мүмкін деп болжайды.

Ғалым Нұрпейісовтің Азаттыққа айтуынша, заңда қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған адамды күзетпен ұстау - оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмей жүзеге асырылуға тиiс екендігі анық жазылған.

- Дулат Ағаділді үйінен тірі әкетіп, ізінше мәйітін қайтарғаны - құқық қорғау органдарының қылмыстық атқару процесіне кем дегенде немқұрайлы қарағанын көрсетеді, - дейді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсендінің қазасына жайлы пікіріне де көзқарасын білдірді. Ол президент тергеу аяқталмастан бұрын белсендіні "жүрек талмасынан қайтыс болды деп сеніммен айта аламын" деу арқылы іс бағытына сілтеме жасағандай болды" деп санайды.

"Дулат Ағаділ ісі" бойынша сотқа дейінгі тергеу басында оның анасының мүддесін адвокат Айман Омарова қорғап, кейіннен бас тартқан. Айман Омарова бас тарту себебін "Дулат Ағаділ отбасының өзге адвокаттары бар және отбасының өзі нақты ақпарат таратпай отыр" деп түсіндірген.

Алайда Дулат Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұханбетова Айман Омароваға дейін адвокаттары болмағанын айтады.

44 жастағы белсенді Дулат Ағаділ биыл, 2020 жылы 25 ақпанда Нұр - Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болған. Оны 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адам үйінен әкеткен. ІІМ оның "жүрек талмасынан" қайтыс болғанын мәлімдеген. 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділ мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсірген адам оның денесінде көгерген іздер барын айтады. Кейінірек жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің қазасына билік кінәлі деп есептейтінін білдірген.

28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынаған.

Дулат Ағаділдің полиция әкеткен соң жұмбақ қазаға ұшырауына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер Дулат Ағаділдің қазасын "саяси сипаты бар" деп санап, тергеуді әділ жүргізуді талап етіп келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG