Accessibility links

Министрлік: Вирус жұқтырғандар артқандықтан карантинді жеңілдету бір аптаға шегерілді


Алматыдағы блокпост. 2020 жылдың сәуірі
Алматыдағы блокпост. 2020 жылдың сәуірі

19 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бюрабекова министрліктің Facebook парақшасында «вирус жұқтырғандар саны өскендіктен карантин шараларын жеңілдету жоспары бір аптаға шегерілді» хабарлады.

Министрлік өкілі вирус жұқтырғандар санының өсуін жаппай анализ алумен байланыстырады. Сөзінше, кейінгі күні 28 мың адамнан тест алынған. Денсаулық сақтау министрлігінің 19 мамырдағы мәліметіне сай, елде 6751 адамға вирус жұқтырды. 3515 адам дерттен емделіп шықты. 35 адам қайтыс болды.

Бұйрабекова Қазақстанда коронавирустан емделіп шыққандардың қан плазмасын ауырып жатқандарға қолдануға шешім қабылданған, бірнеше плазма дайындалғанын айтты.

«Республикалық қан орталығы плазмаларды дайындап қойды. Егер қажет болған жағдайда қолданамыз. Бірақ медицина мекемелері қазірге дейін қан плазмасы қажет деген өтініш түскен жоқ» деді ол.

Министрлік өкілі елде коронавирустан емделіп шыққан адамдарға екінші рет жұққан жағдай тіркелмеген.

19 мамырда білім және ғылым министрлігі денсаулық сақтау министрлігімен ақылдаса келе соңғы қоңырауды 25 мамырда 1-10 сынып оқушыларына онлайн-режимде өткізуге шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Ал 3-4 маусымда 11-сынып оқушыларына аттестат тапсыру өтеді.

Қазақстанда карантин шаралары толық қашан аяқталатыны белгісіз. Министр орынбасары күзде коронавирустың екінші толқыны келсе қайта карантин жариялануы мүмкін екенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG