Accessibility links

Тәжікстан вирустан көз жұмғандар саны бойынша Орталық Азияда алға шықты


Тәжікстанда жарты айда, елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 41 адам коронавирустан қайтыс болды. 1700 адамнан вирус табылды. Әзірге емделіп шыққандар жоқ. 18 мамырда елде 205 адамнан вирус табылды.

Тәжікстанда вирус жұқтырған 15 адам жайлы 30 сәуірде ресми түрде хабарланды. 14 мамырда елде 907 адамнан вирус табылған. Ал 18 мамырда дертке шалдыққандар 1729 адамға жетті.

Тәжікстан коронавирустан өлім-жітім бойынша Орталық Азия елдерінің арасында алға шықты. Өзбекстанда - 12, Қырғызстанда - 14, Қазақстанда 35 адам қайтыс болды.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қазір елде тек Душанбе қаласында тест алып жатыр. Елде қанша адамнан тест алынғаны белгісіз. Азаттықтың Тәжік қызметінің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір сарапшысы Тәжікстанда күніне 200-250 тест алынып жатқанын айтқан.

Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елде 4016 адам дәрігерлер бақылауында, 407 адам емделіп ауруханадан шыққан. Бірақ 4016 адамның қандай дертпен ауруханада жатқаны хабарланбады.

Өткен аптада ДДСҰ миссиясы Тәжікстанда коронавирус бойынша жағдай ушығып бара жатқанын мәлімдеген. Тәжік билігі елде коронавирус таралуын тоқтату үшін барын салып жатқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG