Accessibility links

АҚШ соты "Храпуновтар ісі" бойынша шешім шығарды


Виктор Храпунов.
Виктор Храпунов.

Нью-Йорктің оңтүстік округы бойынша АҚШ аймақтық соты Алматы әкімдігі мен БТА банктің шағымы бойынша Виктор Храпунов пен оның ұлы Ілияс Храпуновқа байланысты сот шешімін шығарды. Бұл туралы Қазақстанның әділет министрлігі хабарлады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 2018 жылы Калифорния аймақтық соты Алматы қаласы әкімдігінің "Храпунов пен оның сыбайластарының үстінен" түсірген шағымын қанағаттандырмай тастаған. Бірақ Калифорниядағы процесс "қаржылық схемалар, корпоративті құрылымдар мен жалған тұлғалар" туралы ақпарат алуға көмектескен. Соның негізінде Алматы әкімдігі Храпуновтардың үстінен тағы шағым түсірген. Министрліктің айтуынша, АҚШ аймақтық соты жауапкерлерді қажетті айғақтарды жойды деп таныған.

“Мүддесін әділет министрлігі қорғаған Алматы қаласының әкімдігі және БТА банк жауапкерлерден талапкерлердің шағымдарын растайтын ақпаратты көрсетуді талап еткен еді. Тараптардың ұстанымдарын зерделеген сот Ілияс пен Виктор Храпуновтар сотпен "мысық-тышқан ойынын" әдейі ұйымдастырды және олардың бұл әрекеті жазалануы тиіс деген қорытындыға келді. Сот Ілиястың "электронды хаттарды жоғалтып алдым" деген ақталуын ақылға қонбайды деп таныды. Сот Храпуновтардың Алматы әкімдігі мен БТА банктің талап-арыздарына тікелей қатысы бар белгілі ақпаратты есінде жоқ деп айтқанына сенбеді” делінген хабарламада.

Ондағы ақпаратқа сәйкес, судья шағым беруші жақтың сот шығынын өтеуге міндеттеген. Бұған қоса, “Храпуновтардың бұдан былай белгілі дәлелдемелерді ұсынуға құқығы жоқ және алқа билерге Ілиястың дәлелдемелерді әдейі жойғаны туралы нұсқаулық беріледі және жойылған дәлелдер сотқа түскен шағымды дәлелдеуші еді деп қаулы еткен".

Министрлік сонымен бірге соттың Алматы әкімдігі мен БТА-ның Феликс Сатердің үстінен түсірген шағымын да қанағаттандырғанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: БТА банкі Трамптың бұрынғы серігіне қарсы шағым түсірді

Нью-Йорктің оңтүстік округы бойынша АҚШ аймақтық сотының сайтында әзірге сот шешімі жарияланбаған.

Қазақстан билігін Facebook-тағы парақшасында жиі сынайтын ерлі-зайыптылар сот шешіміне байланысты пікірлерін жарияламаған.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 70 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.

2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновты - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттаған. Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру", "алаяқтық", "пара алу" айыптары тағылған. Сот материалдары бойынша, олардың "қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген".

Храпунов - БТА банкінің бұрынғы басшысы, 2009 жылдан бері шетелде жүрген Мұхтар Әблязовтің құдасы. Әблязовтің қызы экс-әкімнің ұлы Ілияс Храпуновқа тұрмысқа шыққан.

Мұхтар Әблязов та, Виктор Храпунов та өздерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққандықтан қудалап отыр деп біледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG