Accessibility links

Түркіменстанда Өзбекстанның 61 азаматы түрмеден босап шықты


Түрмеден босап шыққан өзбек азаматтарын ғимарат сыртында тексеріп жатыр. 21 мамыр 2020 жыл. Өзбекстанның ІІМ жариялаған сурет.
Түрмеден босап шыққан өзбек азаматтарын ғимарат сыртында тексеріп жатыр. 21 мамыр 2020 жыл. Өзбекстанның ІІМ жариялаған сурет.

Түркіменстанда рақымшылыққа ілінген 61 өзбек азаматы түрмеден босатылып, еліне қайтарылды. Бұл туралы 21 мамырда Өзбекстанның ішкі істер министрлігі хабарлады. Бостандыққа шыққан азаматтар арасында екі әйел бар.

"Олар республика аумағына Бұқар облысы Алат ауданындағы шекара бекеті арқылы жеткізілген және жеткізу барысында барлық карантин процедуралары сақталған. Олар Ташкент облысы Юкори-Чирчик ауданындағы карантиндік нысанға орналастырылды" делінген министрлік хабарламасында.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Түркіменстанда амнистияға ілінген арасында Өзбекстанда іздеу жарияланған бес азамат бар. Олардың үшеуі - Хорезм облысы, екеуі Қарақалпақстан республикасында тұрады.

Осыған дейін Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары 15 мамыр күнгі үкімет отырысында президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің 1402 тұтқынға рақымшылық жариялағанын хабарлаған. Олардың арасында 210 шетел азаматы бар.

Бердімұхамедов амнистияның мұсылмандарға қасиетті саналатын Рамазан айы кезінде - Қадір түні алдында жасалғанын айтқан.

Авторитар басшы Бердімұхамедов жылына бірнеше рет мемлекеттік мерекелер қарсаңында рақымшылық жариялау туралы жарлық шығарады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, рақымшылық жарияланғандар арасында саяси себеппен қамалған тұтқындар немесе саяси тұтқындар жоқ.

Түркіменстан билігі түрмеден босатылған тұтқындардың тізімін ешқашан жарияламаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG