Accessibility links

"Көше партиясы" туралы сот шешімін көрсетуді талап еткен белсенділер ұсталды


Нұр-Сұлтанда митингіні басуға келген арнайы жасақ сарбаздары. Көрнекі сурет.

21 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл ауданы сотына "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік" деп таныған сот шешімін көрсетуді сұрап, арыз апарған белсенділер мен әлеуметтік желідегі қозғалыс чатының қатысушыларын арнайы жасақ полицияға алып кетті.

Арнайы жасақ алып кеткендер арасында Махаббат Сынбаева, Венера Жанабаева, Сәндігүл Мыңбаева, Руслан Төлеу, Жанна Бүркітбаева, Орынбасар Жәнібеков, Серік Әминов, Алмас Алшынбай бар.

Facebok әлеуметтік желесінде белсенділер таратқан тікелей эфирде Нұр-Сұлтан тұрғыны Сәндігүл Мыңбаева Есіл аудандық сотына Қазақстанның бас прокуратурасы сайтында жарияланған баспасөз релизін көрсетіп "Көше партиясы" қозғалысын экстремистік деп тану туралы сот шешімін көру үшін келіп тұрғанын айтады.

- Біз "Көше партиясы" қозғалысы чатының қатысушыларымыз. Бұл қозғалысты "экстремистік" деп тану туралы сот шешімін естіген соң уайымдап қалдық. Біз қалай экстремистке айналғанымызды білгіміз келеді. Сотқа сол шешімді сұрап келіп тұрмыз, егер қолымызға бермесе шешімді сұраған арызымызды өткізгіміз келеді, - деді ол.

Есіл қалалық соты қызметкерлері олардың арызын қабылдамай, азаматтық соттан сұрауды ұсынды. Белсенділер Есіл аудандық соты төрағасының ұялы телефонына қоңырау шалғанымен, сот төрағасы демалыста екенін айтып, сот кеңсесіне хабарласуға кеңес берді.

Белсенділер Есіл аудандық сотының есігін қағып тұрғанда арнайы жасақ мінген бірнеше автобус келіп, оларды күштеп алып кетті.

Азаттық тілшісі әзірге Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен жауап ала алмады. Департаментке ресми сауал жолдап та қойды.

19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы соты тіркелмеген Қазақстан бас прокуратурасы шағымына орай "Көше партиясы" қозғалысын елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын.

Прокуратураның ресми сайтында "Сот ҚДТ қозғалысы өз атауын "Көше партиясына" ауыстырғанын анықтады және екеуі де бір экстремистік ұйым деп таныды. Сот ҚДТ қозғалысының Қазақстан аумағында "Көше партиясы" деген жаңа атпен жұмыс істеуіне тыйым салды. Азаматтық процессуалдық кодекстің 243-бабына сай, бұл сот шешімі тез арада күшіне енеді" деп жазылған.

Бұған дейін елдегі бірнеше ұйым сот шешімін айыптап, мұны "саяси алаңды тазарту" мақсатында жасалған билік әрекеті деп бағалаған.

Оқи отырыңыз: Қоғамдық ұйымдар "Көше партиясына" тыйым салынуына реакция білдірді

2018 жылы 13 наурызда астанадағы Есіл аудандық соты бас прокуратураның шағымы бойынша шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған еді.

Бірақ Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстан билігі ҚДТ экстремистік ұйым деп танылған соң оны қолдайтын адамдарды қудалап, көбін жауапқа тартқан.

"Көше партиясы" қозғалысы 2020 жылы ақпанда құрылғандарын жариялаған. Қозғалыс мүшелері партияны ешкім қаржыландырмайтынын да айтқан. Бірақ "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының мүшелері Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" осыған дейінгі қарсылық акцияларында, түрлі шараларына қатысқан және сотпен "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен жазаланған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соттың ҚДТ қозғалысын экстремистік деп таныған үкім халықаралық талаптарға сай келмейді деп санайды. Ал ҚДТ жетекшісі Әблязов та бұл сот шешімнің саяси астары бар деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG