Accessibility links

БҚО-да науқастардың коронавирусты қайдан жұқтырғанын зерттейді


Коронавирусты анықтайтын жылдам тест. Көрнекі сурет.
Коронавирусты анықтайтын жылдам тест. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында коронавирус жұққан үш адам анықталды. Санитар дәрігерлер вирустың қайдан жұққанын әзірге анықтай алмай отыр. Облыста карантин күшінде қалған.

Тексеру кезінде Сырым ауданындағы аурухана қызметкерлерінен коронавирус табылған.

"Эпидемиологиялық зерттеу кезінде COVID-19 ауруына шалдыққан тағы екі адам анықталды. Қазір зерттеу жүргізіліп жатыр, біз ауданға вирус қайдан келгенін анықтаймыз" деді брифинг кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау жөніндегі облыстық департамент жетекшісінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Facebook-тағы парақшасында "статистика коронавирус жұқтырғандар санының артқанын бояусыз көрсетіп отыр" деп жазған.

"Қазір аймақта 360 адамнан коронавирус табылған: 214-і - қалада тұрады, Ресейден - 81, Атыраудан 55 адам келген. Төртеуінің жағдайы ауыр. Науқастар арасында 14 жасқа толмаған 9 бала бар, бір жасқа толмаған сәби де бар. 2 полиция қызметкері, 56 медицина қызметкері, 5 зейнеткер, 3 студент бар" деді Шыныбеков.

Қала әкімі тұрғындарды карантин шараларын сақтауға шақырды.

Соңғы ақпарат бойынша, Батыс Қазақстан облысында 360 адамнан коронавирус табылған. Науқастардың 70 пайызын Ресей немесе Қазақстанның өзге аймақтарынан келгендер құрайды.

Қазір инфекциялық ауруханада COVID-19 диагнозы қойылған 150 адам емделіп жатыр. 210 адам жазылған. Карантиндік стационарда 165 адам бар, провизорлық орталықта 17 адам бақылауға алынған. 1189 адам үй карантиніне жіберілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG