Accessibility links

Ақтөбеде коронавирус жұққан әйел қайтыс болды


Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиев қалада коронавирус жұққан әйелдің қайтыс болғанын хабарлады. Бұл туралы Қазақстанның батыс аймағынан ақпарат таратын "Мой город" сайты жазды.

- Әйел инфекциялық ауруханада небәрі бір күн болған. Палатада кенет жағдайы нашарлаған. Дәрігерлер реанимациялық емдеу шараларын жүргізгенмен жүрегі тоқтады. Клиникалық бақылау өкпе артериясы эмболиясының асқынғанын көрсеткен. Бұл коронавирус инфекциясымен байланысты емес. Науқас ПЦР тексеруден өтіп, коронавирус инфекциясы анықталған. Бірақ науқаста коронавируспен қатар көп ауру табылған. Жүрек-қантамыр ауруына шалдыққандар есебінде тұрған. Вирус науқастың жағдайының нашарлауына әсер етті ме, жоқ па, оны комиссия шешеді, - деді басқарма жетекшісі.

Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 252 адамға вирус жұққан. Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, 63 науқас стационарда жатыр. Екеуі - реанимация бөлімінде. Біреуінің жағдайы - өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Екінші науқастың жағдайы - ауыр. Науқастар арасында 17 бала бар, 10-ы жазылып шыққан.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін аймақтарда коронавирус жұққан адамдардың өлімін зерттеу бойынша арнайы комиссия құрылып, науқастардың өлімінің себебін анықтайды деп хабарлаған. Егер комиссия науқас коронавирустан емес, басқа ауру түрінен қайтыс болды деп қорытынды шығарса, онда науқас өлімі коронавирусқа байланысты ресми статистикаға енгізілмейді.

Дегенмен ресми орындар әзірге ресми статистикаға енгізілмеген қанша оқиға барын айтпады.

Бұған дейін комиссия өкілдері Арқалық, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қайтыс болған науқастардың өліміне "коронавирус себеп болмады" деген шешім шығарған.

Осы аптада жарық көрген "31 арна" зерттеуінде Алматыда коронавирустан қайтыс болғандар зиратында жерленген мәйіттер саны ресми деректен үш есе көп екені айтылады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан қайтыс болғандар зиратында жерленген мәйіттер саны ресми деректен үш есе көп

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG