Бүгін, 26 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы орталығы Ұзынағаш ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) алдында шетелден келген ондаған қазақ жиналып, ықтиярхат беруді талап етті.
Қытай мен Өзбекстаннан келген қазақтар Қазақстанда тұруға рұқсат беретін ықтиярхатты ала алмай жүргендеріне жарты жыл болғанын айтады. Жиналғандардың сөзінше, аудандық көші-қон полициясының өкілдері оларды ХҚКО-ға жібереді. Ал мұндағылар көші-қон полициясына жұмсайды.
2019 жылы тамызда Өзбекстанның Қарақалпақстан аймағынан көшіп келгенін айтқан Мехрибан Абдриязова "қыркүйек айында ықтиярхатқа құжат тапсырған".
- Міне, тоғыз ай болды, әлі жүрмін. Аяғым ауыр, босанатын күн таяп қалса да, құжатымның жоғынан тегін дәрігердің көмегіне де жүгіне алмай отырмын. Көші-қон полициясына барсақ "Халыққа қызмет көрсету орталығына бар" дейді. Мұнда келсек көші-қонға сілтейді. Жақында босанамын. Баламды қай елдің азаматы деп жазғызамын? - дейді айы-күні жақындаған әйел.
Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы бастығының орынбасары Мақсат Қалжанов мұндай мәселенің барын мойындайды. Сөзінше, биыл қаңтар айында шетелден келгендерге ықтияр хатты рәсімдеумен айналысатын маман көші-қон полициясынан қызметтен кетіп қалған. Оның орнына жұмыс істейтін адам әлі жоқ.
"Бұл жерде көші-қон полициясының бір ғана өкілі бар. Ол жергілікті азаматтардың шаруасымен айналысып отыр. Күніне 160-170 адам қабылдайды. Мүмкіндік жоқ", дейді ол.
Азаттық тілшісі Жамбыл аудандық көші-қон полициясының жетекшісі Дулат Мейрамбекұлына қайырылғанымен, ол "Халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы отырған маман бар. Соған барсын. Біздің қолымыздан ештеңе келмейді" деп қысқа қайырды.
Осыдан кейін жиналғандар амалсыздан тарап кетті. Олардың мәселесі қашан және қалай шешілетіні белгісіз.
Қазақстанда шетелден көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық алғанға дейін ықтиярхат беріледі. Бұл құжат олардың дәрігерге қаралып, әлеуметтік жәрдемақы алуына, жұмыс істеуіне, құқығын қорғап, ел аумағында еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.
ПІКІРЛЕР