Accessibility links

Үш облыста бір күнде ондаған науқас анықталып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті


Блокбекеттердің бірі.
Блокбекеттердің бірі.

Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында - 51, Маңғыстау облысында - 40, Қарағанды облысында - 34, Шығыс Қазақстан облысында 23 адамға вирус жұққаны анықталды деп хабарлаған.

Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары үшін бұл ең жоғары көрсеткіш. Эпидемия басталғалы бері бұл аймақтарда бір күн ішінде осынша көп науқас анықталмаған.

ШҚО-да науқастардың басым бөлігі Семей қаласында тіркелген. 28 мамырда Семей қаласында тағы 19 адамнан коронавирус табылып, барлығы 76 науқас болды. Риддер қаласында - 1, Өскеменде - 3 адамға вирус жұққаны анықталған. Олардың екеуі Ресейден келген. Қалғаны науқастармен байланыста болған. ШҚО-да барлығы 97 адамнан коронавирус табылған. 1 адам қайтыс болған.

Lada.kz сайтының жазуынша, Маңғыстау облысында бейсенбі күні Ақтауда - 3, Жаңаөзенде - 1, Бейнеу ауданында - 16, Қарақия ауданында - 10, Мұнайлы ауданында - 5, Маңғыстау ауданында - 3, Түрқараған ауданында 2 адамнан вирус табылған. Бейнеу ауданында вирус жұққандар арасында 8 жасар бала бар. "Теңізшевройл" компаниясының бірнеше жұмысшысынан да вирус табылған.

Облыста барлығы 217 науқас бар. Ең көбі - Бейнеу ауданында (85) тіркелген. Ақтауда - 39, Қарақия ауданында 42 адамнан вирус анықталған. 116 адам жазылған. 1 адам қайтыс болған.

Ресми орындар әзірге БҚО-дағы жағдайға байланысты ақпарат берген жоқ.

Қарағанды облысында бейсенбі күні 15 науқас - Теміртау қаласында, 13 науқас Қарағанды қаласында тіркелген. Бұқар жырау ауданы, Саран қаласы және Абай ауданында бірнеше тұрғыннан вирус табылған. Облыста барлығы 788 науқас бар. 3 адам қайтыс болған. 217 адам жазылған.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар санының көбеюін елде тестілеудің жиі өтуімен түсіндірген. Министрліктің ақпараты бойынша, бұған дейін 710 мыңнан астам тест жүргізілген. Күніне 20-мыңнан астам адам коронавирусқа тест тапсырады.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай 11 мамырда аяқталған, елде карантин шаралары біртіндеп алынып жатыр. Дегенмен блокбекеттер толық алынған жоқ. Қоғамдық орындарға маска тағып бару міндеттелген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантин қалай жалғаспақ? 700 сөзбен түсіндіреміз

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG