Accessibility links

Трамп Қытайға байланысты мәлімдеме жасамақ


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма, 29 мамырда Қытайға байланысты мәлімдеме жасайды. Қытай парламенті бір күн бұрын Гонконг қауіпсіздігі туралы даулы заң жобасын мақұлдаған. Құжат Қытай орталық билігінің қауіпсіздік органдарына Гонконгте агенттік құрып, сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл Қытай әкімшілік аумақты толықтай өз бақылауына алуы мүмкін деген алаңдаушылықты туғызған.

Дональд Трамп осыған дейін Гонконг еркіндігіне қауіп төндіретін заңға байланысты АҚШ-тың қатаң шара қолданатынын мәлімдеген. Әзірге президент жоспарына байланысты ақпарат жоқ.

АҚШ президентінің Гонконгке берілген экономикалық артықшылықты жоюға өкілеті жетеді. Бірақ оның ондай қадамға баратыны-бармайтыны да белгісіз.

Өзге мәселелермен қатар Трамп жұма күні қытай компанияларына санкция салатынын, жаңа баж салығы және шектеулер қоятынын жариялауы мүмкін.

Қытай премьер-министрі Ли Кэцянның айтуынша, Гонконг қауіпсіздігі туралы жаңа заң қаланың тұрақтылығын арттырып, гүлдендіреді, Пекиннің Гонконгті басқаратын "бір ел, екі жүйе" принципіне сәйкес келеді.

Осыған дейін Гонконгте тұрғындар заң жобасына қарсы шығып, наразылық білдірген. Наразы тұрғындардың айтуынша, өзгерістер "бір ел, екі жүйе" принципіне қайшы. 24 мамырда мыңдаған адам қатысқан наразылық кезінде шамамен 200 адам ұсталды.

Өткен аптада заң жобасын сынаған халықаралық саясаткерлер мен құқық қорғаушылардың мәлімдемесіне жауап берген Қытай билігі "елдің ішкі ісіне араласпау" қажеттігін айтқан.

Оқи отырыңыз: "Саяси бомба". Пекиннің Гонконгтегі агрессиясы АҚШ-пен қырғиқабақ соғысқа әкеле ме?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG