Accessibility links

Трамп әлеуметтік желіні реттеу туралы жарлыққа қол қойды


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіні реттеу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат мәтіні Ақ үй сайтында жарияланды.

Жарлықтан кейін 1996 жылы қабылданған Ақпарат құралдарындағы адалдық туралы заңның 230-бабы өзгеруі мүмкін. Бұл бап әлеуметтік желілерді қолданушылар жариялаған контент үшін жауап беру міндетінен босатады. Онда әлеуметтік желілер ақпарат құралы емес, алаң ретінде қарастырылған.

Трамп шығарған жарлық сонымен бірге әлеуметтік желі әкімшілігінің жарияланған контентке модерация жасау мүмкіндігін шектейді.

Трамптың түсіндіруінше, жарлықтың мақсаты - пікір айту еркіндігі мен демократияны қорғау. Себебі ірі онлайн-платформалар белгілі бір оқиғаларға баға беру немесе цензура жасау бойынша "шексіз билікке" ие болған.

Бұған дейін Twitter желісі АҚШ президенті Дональд Трамптың твит-жазбасын қолданушыларды адастыруы мүмкін жазбалар қатарына қосқан. Ол твитте Трамп пошта арқылы дауыс беру сайлау қорытындысының бұрмалануына әсер етеді деп тұжырым жасаған. Twitter-дің әрекетін сынаған Трамп желіні алдағы президент сайлауына араласпақ болды деп айыптаған.

Twitter компаниясы әлеуметтік желіні реттеу туралы жарлықты "саясиланған" шешім деп атады. Жарлықты Facebook, Google компаниялары да сынады.

Сарапшылардың көбі президент жарлығына байланысты сотқа шағым түсуі мүмкін деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG