Accessibility links

Коронавирус кімге қауіпті? Індеттің таралуы жайлы не білеміз?


Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

COVID-19 алты айда жаһанға түгел жайылып, 6 миллионға жуық адамға жұқса да, біздің бұл вирус жайлы білмейтініміз әлі де көп. Вирус кімге, қайда және қаншалық қатты әсер етіп жатыр?

“Таңқаларлық жағдайларды көп кездестіріп жатырмыз” дейді Нью-Йоркте тұратын эпидемиолог Маджори Поллак (ханым). Ол - жаңа індеттер мен улы заттардың әлемде таралуы жөнінде дабыл қағатын “Жаңа індеттерді бақылау бағдарламасы” (ProMED) редакторының орынбасары.

Поллак Уханьдегі желтоқсанның 30-ы күнгі коронавирус дабылын таратуға көмектесіп, содан бері аурудың жер-жаһанға жайылуын жіті бақылап келеді.

“Сіз білмейтін нәрсе әлі де өте көп болуы мүмкін” деді ол Азаттыққа.

Эпидемиологтар, зерттеушілер және демографтар коронавирустың кімдерге қауіптірек екенін талқыға салған еді. Негізгі пікірлерді ұсынып отырмыз.

НЕ БІЛЕМІЗ?

Жағдайларды талдасақ, COVID-19 дертінің ауыр симптомдарынан кей адамдардың қатты зардап шегетінін байқаймыз. Бұл топқа қарттар мен ауыр дерті бар басқа адамдар жатады.

АҚШ Індетті бақылау және алдын алу орталығының (CDC) айтуынша, қауіп тобындағыларға қан қысымы жоғары не қан айналымы дұрыс емес адамдар, созылмалы өкпе ауруы, қант диабеті, семіздік, бауыр мен бүйректің бұзылуы сияқты дерті барлар не иммундық жүйесі әлсірегендер жатады.

CDC сондай-ақ коронавирустың бұл ауыр түрінен әйелдерге қарағанда ерлер көп қайтыс болатынын айтады. Бұл тренд әлемнің барлық елінде дерлік байқалады. Мұны коронавирус алғаш таралған Қытай да айтқан.

Зерттеушілер гендерлік айырмашылықты зерттегенде мінез-құлық ерекшеліктерін, иммун жүйесінің реакциясын және ер мен әйел арасында басқа да өзгешелікті ескеруге тырысады.

Вирустан қорғайтын маска мен көзілдірік киген егде жастағы ер кісі көшеден өткелі тұр. Санкт-Петербург. 13 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет
Вирустан қорғайтын маска мен көзілдірік киген егде жастағы ер кісі көшеден өткелі тұр. Санкт-Петербург. 13 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет

АДАМНЫҢ ЖАСЫ МАҢЫЗДЫ, БІРАҚ БҰЛ ЖАЛҒЫЗ ФАКТОР ЕМЕС

Балалар ересектерге қарағанда бұл індетті жеңіл өткереді.

Бірнеше зерттеу вирус жұқтырған балалар арасындағы өлім деңгейінің өте төмен екенін көрсетті. Өлім-жітім 60 жасқа дейін прогрессивті деңгеймен жоғарылайды. 60 жастан әрі қарай өлім ықтималдығы күрт артады.

The Lancet дейтін медициналық журналда жарық көрген алғашқы ірі зерттеулердің бірінде “өлім қатері адамның жасына тікелей байланысты” деген қорытынды жасалған.

The Lancet журналында кейінірек шыққан үлкен мақалада жас ерекшеліктері бойынша өлім көрсеткіші анықталған. Ондаған мың адамды зерттеген ғалымдар 30 жас шамасындағылардың өлім көрсеткіші 0,15 пайыз, яғни 10 мыңнан 15 адам болса, 80-нен асқан қарттардың өлім көрсеткіші 13,4 пайыз, яғни 10 мыңға 1500 адамнан келген.

Дегенмен Франция, Бельгия және АҚШ-та балалар мен жасөспірімдердің неліктен көп көз жұмғанын ешкім түсіндіре алмай отыр.

Сәуірде Нью-Йорк штатында 100-ге жуық бала коронавирустың әсерінен болатын аурудың жаңа түрі – Кавасаки індетімен ауырған. Адамның бүкіл денесінде ауру қоздыратын бұл індет “улы шок синдромы” деп те аталады.

АҚШ медицина қызметкерлері вирустан қорғайтын киімдердің аздығына наразылық шеруінде. Нью-Йорк, АҚШ, 17 сәуір 2020. Көрнекі сурет
АҚШ медицина қызметкерлері вирустан қорғайтын киімдердің аздығына наразылық шеруінде. Нью-Йорк, АҚШ, 17 сәуір 2020. Көрнекі сурет

ОҢТҮСТІК ПЕН СОЛТҮСТІКТІҢ АЙЫРМАСЫ ҚАНДАЙ?

Былтыр жыл соңында жануардан адамға көшті деп саналатын коронавирустың ең үлкен ошақтарының көбі қыс пен көктем мезгілі жүріп жатқан солтүстік жартышарда болды. Бұл - адамнан адамға жұғу арқылы таралатын коронавирустың бізге белгілі жеті түрінің төртеуінен болатын суық тию сияқты ауруларға және тұмауға тән көрініс.

Дегенмен кейбір дерттердің таралуының маусымдық ерекшеліктері болғанымен, олардың себебін түсіндіру қиын әрі ол COVID-19 жағдайында қайталана ма, жоқ па белгісіз.

“Коронавирус ауа райы салқын жерлерде жиі кездеседі, бірақ барлығы бірдей емес” деді CDC-дің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Дэниел Сингер.

“Коронавирустардың бірі Таяу Шығыстағы респираторлық синдромға әкелді (немесе MERS). Вирус табиғаты ыстық Таяу Шығыс аймағында түйеден таралған. Сондықтан бұл вирустың әрекетіне қатысты нақты ереже жоқ” дейді ол.

МЕГАПОЛИСТЕРГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Адам тығыз қоныстанған аймақтарда коронавирусты жұқтыру ықтималдығы жоғары екенін айғақтайтын дәлел жеткілікті.

“Мәселен вирусты үй ішінде жұқтыру көрсеткіші өте жоғары. Бұл ауру Уханьда енді белең ала бастағанда-ақ белгілі болған. Індет қоғамға жайылардан бұрын алдымен үй ішінде тарап отырған. Бір шаңырақтың астында, бір пәтерде тұратындар бір-бірінен жұқтырған. Көрші тұру, адамдардың тығыз қоныстануы вирустың тарауына әсер етеді” дейді Поллак.

Мигрант жұмысшы көп тұратын Ресей сияқты елдерде індеттің көп таралуы осыдан болса керек. Ресейдің ірі қалаларында Орталық Азиядан барған жұмысшылар көбіне шағын үйде топ-тобымен өмір сүреді.

Өзбек азаматтарының Әділет қоғамдық ұйымы ТМД елдерінен келіп, депортациялану алдында тұрған мигранттарға палау пісіруде. Владивосток, Ресей, 18 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет
Өзбек азаматтарының Әділет қоғамдық ұйымы ТМД елдерінен келіп, депортациялану алдында тұрған мигранттарға палау пісіруде. Владивосток, Ресей, 18 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет

ВИРУС ТУЫСТАР АРАСЫНДА ТАРАЙ МА?

Физикалық тұрғыда оқшаулануға мүмкіндік бермейтін кісісі көп кварталдарда тек мигранттар тұрмайды.

Жағдайы жақсы, ресурсы көп Италия мұндай жан түршіктірер көрсеткіш көрсетеді деп кім ойлаған?

Мұнда 100 мың адамға шаққанда 50-ден астам науқас қайтыс болды. Бұл –Бельгия мен Испаниядан (Сан-Марино мен Андорра сияқты шағын елдерді былай қойсақ) кейінгі үшінші жоғары көрсеткіш.

Поллактың айтуынша, Италияда “ұрпақтар арасында тығыз байланыс қалыптасқан, ересек балалар көбіне ата-аналарына жақын маңда тұрады. Тіпті түрлі буын өкілдері [бірге тұрмаса да], оларда күн сайын көрісу әдетке айналған”.

Ауғанстанда да орта жастағылар көбіне қарттармен бірге тұрады. БҰҰ-ның Халық саны бөлімінің былтырғы есебі бойынша, қарты бар үйдегі бірге тұратын адамдар саны бойынша Ауғанстан алғашқы орынның бірін алған. Мұнда бір үйде тоғыздан көп адам тұрады.

Ауған еріктісі COVID-19 ауруына әкелетін SARS-CoV-2 вирусын оқшаулау бойынша парақша таратып жүр. Джалал-Абад, Ауғанстан, 11 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Ауған еріктісі COVID-19 ауруына әкелетін SARS-CoV-2 вирусын оқшаулау бойынша парақша таратып жүр. Джалал-Абад, Ауғанстан, 11 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

37 миллион халқы бар Ауғанстанда COVID-19 вирусын 14 мың адам жұқтырған. Бірақ тест саны бар болғаны 36 мың екенін ескерсек, жұқтырғандар бұдан да көп болуы мүмкін.

ЖЫЛДАМ КӨМЕК КӨРСЕТУ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

Пандемия кезінде жылдам медициналық жәрдемнің қажеттігі анық.

Бірақ COVID-19 кезінде “ауруханаға сұраныстың күрт артуы” тақырыбын зерттеген ғалымдардың айтуынша, Англия мен Уэльсте “ауыр науқастарды емдеуде ресурстың тым аз болған”, яғни “аурухана тапшылығы” сезілген..

Мүмкіндіктері демографиялық жағдайына сай келетіндей көрінетін елдер де осындай мәселеге тап болған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) соңғы есебі бойынша, мың адамға 8 аурухана төсегінен келетін Ресей бұл жөнінен көш бастап тұр. Жапонияда мың тұрғынға - 13, ал Оңтүстік Кореяда 12 төсектен келеді. Ресейдің аудит палатасы жыл басында дәрігерлердің жетіспейтіні анықтаған. Тексерілген 100 мыңнан астам медицина орнының үштен бірінде су болмаған. Бұдан да көп мекемеде орталық жылу жүйесі не кәріз болмаған.

Өзін-өзі оқшаулау режимі барысында бұқараға есігін ашқан шіркеуге кіргелі тұрған әйел. Мәскеу, Ресей. 28 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет
Өзін-өзі оқшаулау режимі барысында бұқараға есігін ашқан шіркеуге кіргелі тұрған әйел. Мәскеу, Ресей. 28 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет

ЖЕРГІЛІКТІ АУРУХАНАНЫҢ ӘЛІ ЖЕТЕ МЕ?

“Меніңше, ең жаманы - ауыр дертті емдеуге медициналық мүмкіндігі жоқ жерден табылу” дейді Поллак.

Олар тұрақты жұмыс істейтін орын болмауы да мүмкін.

Италияның жағдайында, оның ауру ошағына айналған, пандемияға “жеңілгендей” көрінген солтүстік аймағы ақыр соңында COVID-19 “үдеуін” тоқтатуға қажетті медициналық ресурстарды жұмылдыра алды” дейді Поллак.

Бұл ретте Бразилия мен Перудегі екі қаланың жолы болмады. Олар жақын маңда Италияның солтүстік қалалары секілді вирус ошағына айналуы мүмкін.

“Айырмашылығы – Италия ақыр соңында қажетті жабдықтарқа қол жеткізе алды” дейді Поллак.

Медицина қызметкері науқасқа айтарын қағазға жазып отыр. Италия, 14 сәуір, 2020 жыл. Көрнекі сурет
Медицина қызметкері науқасқа айтарын қағазға жазып отыр. Италия, 14 сәуір, 2020 жыл. Көрнекі сурет

БИЛІККЕ СЕНІМ

“COVID-19 дертінің әлемге таралуы және оған қатысты нанымдар” деген атаумен тоқтаусыз жүріп жатқан ғаламдық зерттеу авторлары берілген елдердегі үкіметке деген сенім мен пандемияның таралуының арасында қандай да бір байланысты байқамаған.

Есесіне “үкіметке деген сенімсіздік менталдық саулықпен байланысты” деді зерттеу авторларының бірі, Гарвард бизнес мектебінің ұйымдық мінез-құлық бөлімінің өкілі Джон Яхимович.

Дегенмен вирустан ең көп зардап шеккен елдерде сұралғандардың басым бөлігі өз үкіметтерін “шындықты айтпады” деп айыптайды.

51 елдегі 85 мың адамды қамтыған сауалнама Венесуэланы, Ресейді, АҚШ-ты және Беларусьті “коронавирустың таралуы кезінде шынайы мәліметті мейлінше аз айтқан” 10 елдің қатарына қосты.

Ресми деректер бойынша, COVID-19 инфекциясын жұқтыру көрсеткіші бойынша АҚШ, Бразилия және Ресей көш бастап тұр. АҚШ-та 1,8 миллион, Бразилияда 415 мың, ал Ресейде 379 мың кісі осы дертке шалдыққан.

Covid-19 пандемиясы кезінде жаңа қазылған қабірлер. Бразилия, 22 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет
Covid-19 пандемиясы кезінде жаңа қазылған қабірлер. Бразилия, 22 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет

Венесуэланың ресми көрсеткіші төмен, бірақ оған күмән көп, сондықтан оның антидене негізіндегі сынама стратегиясы да көп күдік тудырады.

Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко пандемияның қаупін бірнеше ай бойы жоққа шығарып келді. Елдегі ауырғандар саны да жалған болуы мүмкін. Ресми деректер бойынша, мұнда коронавирусты 40 мыңға жуық адам жұқтырған.

Ал Сингапур, Дания және Латвия үкіметтері ең шыншыл үкімет деп бағаланған.

Үшеуі де әртүрлі, бірақ тиімді шаралар қолданып, басқалармен салыстырғанда аурудың көп таралуына жол бермеген елдер қатарында.

Бірақ асығыс қорытынды жасауға болмайды. Індеттен ең көп жапа шеккен Испания мен Ұлыбритания тұрғындары да, орташа не төмен дәрежеде жапа шеккен Албания мен Словакия сияқты елдердің халқы да үкіметтеріне сенімсіздік білдірген.

ЖҰМЫС ОРНЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Зерттеулердің көбі COVID-19-дың таралуына жұмыс жағдайы, соның ішінде кеңсеге бару, үйден жұмыс істеу мүмкіндіктері, жұмыс орнының тығыздығы, жұмыс берушінің пандемияны таратпау шаралары сияқты факторлардың әсер еткенін дәлелдеген.

Калифорниядағы бір зерттеуге қарағанда, коронавирус жұқтырғандардың 90 пайызы “үйден жұмыс істеу мүмкіндігінің болмағанын” айтқан.

Англия мен Уэльстегі соңғы бір зерттеу жұмыс жасындағы ерлердің арасында қара жұмыстағы ерлердің екі есе көп өлгенін көрсетті.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне, сондай-ақ инфекция жұқтырған болуы мүмкін адамдармен жиі қатынасқа түсетін сала өкілдеріне ерекше қорғаныш шараларын қолдану керек екені анық. Дегенмен Халықаралық еңбек ұйымы ауру жұқтыру қаупі көбірек деген басқа салаларды атап көрсетпейді.

Халықаралық еңбек ұйымының қызметкерлер денсаулығы бойынша маманы Шенгли Ню мұның орнына жұмыс берушілер мен денсаулық сақтау басқармаларының біріге жұмыс істегені дұрыс дейді.

“Қызметкерлерді вирустан қорғау үшін жұмыс орындарында белгілі бір шаралар қолға алынып, арнайы ереже қолданылуы керек” дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG