Accessibility links

Ағаділдің туыстары оның өлімін қайта тергеуді талап етті. Анасы Тоқаевпен кездескісі келеді


Дулат Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова белсенді Қайырлы Омар және Жанат Нұркішевпен бірге бас прокуратура ғимаратының алдында. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2020 жыл.

1 маусымда белсенді Дулат Ағаділдің анасы мен бірнеше белсенді Қазақстан президентінің әкімшілігі мен прокуратураға барып, оның өлімін қайта тергеу туралы арыз тапсырды. Қазақстан бас прокуратурасы 29 мамырда Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған істе "қылмыстық құрам жоқ" деп тоқтатқан.

Белсендінің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова Азаттыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілік кеңсесіне әлеуметтік желіде жолдаған үндеуін және президенттің қабылдауын сұраған хатын ресми түрде тапсырғанын айтты.

- Мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев баламның өліміне қатысты алдын ала пікір айту арқылы тергеуді басқа жаққа бұрды деп санаймын. Бұл ойымды 31 мамыр саяси құғын-сүргін құрбандары күніне ашық хат етіп әлеуметтік желіде арнайы жарияладым. Себебі ұлым Дулат Ағаділді де сол саяси қуғынның құрбаны деп есептеймін. Сондықтан президентпен жүздескім келеді, - деді Жолмұхамбетова.

Бұдан бөлек Жолмұхамбетова белсендінің өлер алдындағы сәті бейнелеген видеоны беруді және "оның өліміне кінәлі санайтын құқық қорғау органдары қызметкерлерін жауап алып, прокуратураның әрекетсіздігіне шара қолдануды сұраған" арыз өткізді.

Ол адвокаты Ғалым Нұрпейісовпен бірге Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы "қылмыс құрамы жоқ" санап тоқтатқан істі қайта ашуды талап етіп, прокуратура шешіміне шағымданатынын да айтты.

Азаттық Дулат Ағаділдің туыстарының арызы туралы бас прокуратураға бірнеше мәрте хабарласқан, бірақ жауап болмады.

  • Ағаділ 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмған еді. ІІМ оның өліміне "жүрек талмасы" себеп болды деген.
  • Ағаділді 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адамның үйінен күштеп әкеткен. Полиция департаменті баспасөз қызметі белсендіні тергеу изоляторына әкетуді "биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, "ешқайда кетпеу" туралы шара қолданылған, тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынды" деп түсіндірген еді.
  • Кейін марқұм жерленген соң, 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсірген адам оның денесінде көгерген іздер барын айтады. Сол кезде жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар – биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.
  • 28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынға алған болатын.
  • Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциялары өтіп, қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлап, әділ тергеуді талап еткен.
  • Белсендінің қазасына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған. Қазақстандық құқық қорғаушылар да Дулат Ағаділдің қазасын "саяси сипаты бар" деп санайтынын айтқан.
  • 29 мамырда белсенді Дулат Ағаділдің адвокаты мен туыстары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы қалалық прокуратураға жаңа шағым түсірді. Белсендінің туыстары мен адвокаты изолятор қызметкерлері Дулат Ағаділ өзін "нашар сезінсе де оған көңіл бөлмеді" деп санайды.
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG