Facebook қызметкерлері компания басшысы Марк Цукербергтің АҚШ президенті Дональд Трамптың араздық тудырады деген жазбасын өшірмеу туралы шешіміне қарсылық танытты. Олар ел президентінің жазбасына “бұл зорлық-зомбылықты насихаттау” деп белгі қойған Twitter-ге мадақ айтып, өз басшысын сынға алды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Агенттіктің жазуынша, соңғы жылдары Facebook, Google және Amazon секілді технологиялық алпауыттардың қызметкерлері әлеуметтік әділет жөнінде белсендірек болып, басшылығын шара қабылдауға итермелеп жүр.
Reuters бұл жолы Цукербергті өз қызметкерлерінің сынауы ерекше сипат алған дейді. Сыни пікір жазғандар арасында компанияда жоғары лауазымда отырған адамдар бар.
Өзін Facebook-тің өнім жөніндегі менеджері деп көрсеткен Джейсон Тофф Twitter-де “Мен Facebook-те жұмыс істеймін және маған біздің істеп отырғанымыз ұнамайды. Мен сөйлескен қызметкерлердің көбі осы пікірде. Біз даусымызды естіртіп отырмыз” деп жазды.
Reuters-тің жазуынша, Facebook басшылығы қызметкерлерінің бұл наразылығына байланысты жауап бермеген.
Дау АҚШ президентінің жұма күнгі твитінен басталды. Онда ол “Бұзақылар Джордж Флойдке құрметсіздік көрсетіп отыр, мен оған жол бермеймін. Қазір ғана губернатор Тим Уолзбен сөйлестім (Миннесота губернаторы – ред.). Қандай да бір қиыншылық туса, біз бақылауды қолға аламыз. Бірақ жаппай тонау басталса, ату басталады. Рахмет” деп жазған.
Twitter ол жазбаға “Бұл твит Twitter-дің зорлық-зомбылықты насихаттау туралы ережесіне қайшы. Бірақ Twitter оқырмандардың бұл твитті оқи алуы қоғам мүддесіне жатады деп сенеді” деген ескерту белгісін қойды.
Тофф артынша “Twitter-дің шара қабылдағанына қуаныштымын. Әрекет жасамаудың өзі әрекет” деп жазды.
Трамп жазбасын Facebook пен оған тиесілі Instagram-да да жариялады. Бірақ Facebook қандай да бір шара қабылдаудан бас тартты.
“Президенттің твиттері мен жазбаларына қалай жауап берсем болады деп күні бойы бас қатырдым. Жеке өзім бөліну мен араздықты тудыратын мұндай риторикаларға іштей теріс көзқарастамын... Бірақ мен жеке адам ретінде емес сөз еркіндігін құрметтейтін институттың жетекшісі ретінде жауап беруге міндеттімін” деп жазды Марк Цукербер Facebook-те.
“Тонау басталса, ату басталады” деген тіркестің аты шулы тарихы бар. NPR басылымының жазуынша, 1967 жылы Маями полициясының бастығы Уолтер Хедли дәл осы сөздерді айтып, адам құқығы жөніндегі белсенділердің ашуға толы наразылығына тап болған.
ПІКІРЛЕР